Отбасылардың көбі атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін құжат бойынша ғана ажыраса берген
Мамандар елімізде ажырасу деректері жиілеп кеткенін айтып дабыл қағуда. Тек қана 2019 жылдың өзінде 60 мың шаңырақ шайқалған. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Ажырасу оқиғаларының дені оңтүстік облыстарда, Алматыда тіркеледі екен. Отбасылардың көбі үйленгеннен кейін-ақ көп ұзамай айрылысу туралы шешім қабылдайтын көрінеді. Проблеманың өзекті екенін бірер күн бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да мәлімдеген болатын.
«Тек былтырдың өзінде елімізде 60 мың отбасы ажырасты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 мыңға көп», - деді ол Нұр-Сұлтанда өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, ажырасу оқиғаларының күрт өсуіне атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы себеп болған. Отбасылар ақша табамыз деп құжат бойынша ажыраса берген. Ал, биыл статистика мүлдем адам шошырлық болуы мүмкін. Өйткені, бірнеше айға созылған карантин кезінде ажырасуға өтініш бергендер саны күрт артыпты. Психологтардың пікірінше, ерлі-зайыптылардың ұзақ уақыт бойы бірге болуы түрлі ұрыс-керістің туындауына алып келетін көрінеді.
«Маған шағымын айтып келетін ерлі-зайыптылар көбейді, олар отбасында не болып жатқанын түсінбейтіндерін айтады. Адам еркіндікте өмір сүріп үйреніп қалған. Ал, кешегі карантин бәрімізді стресс жағдайына салып қойды. Бұл отбасындағы жанжалдың туындауына алып келетін бірінші фактор», - дейді психолог Лариса Павлова.