Шахмұрат Мүтәліп «Integra Construction KZ» компаниясының меншік иесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Integra Construction KZ бенефициар меншік иесі Шахмұрат Мүтәліпті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, дәл осы компания «Бағанашыл» балалар үйін 5 млрд теңгеге жөндеп береді. Жалпы, қабылдау кезінде ол Қасым-Жомарт Тоқаевқа ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және өндірістік, тұрғын үй, әлеуметтік нысандарды салу жөнінде баяндап берген.
«Сондай-ақ ол Президентке компанияның құрылыс пен темір жол салаларында іске асырып жатқан халықаралық бастамалары туралы ақпарат берді.
Шахмұрат Мүтәліптің айтуынша, Integra Construction KZ бірқатар әлеуметтік жобаны қолға алған. Мәселен, компания Алматы қаласындағы «Бағанашыл» балалар үйін 5 миллиард теңге жеке қаражаты есебінен қайта жөндеуді бастады», - деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы ел экономикасы үшін мәні зор жобаларды сапалы әрі уақтылы орындаудың маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, биыл жазда «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмысын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырған болатын.