Қазақстан бойынша тұмауға байланысты 132 мектеп онлайн форматқа ауысты

Автор: Бақыт Шынар

Қашықтан оқу талаптарын Сархат Бейсенова түсіндіріп берді

Фото: istockphoto.com

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг берген Бас мемлекеттік санитар дәрігер Сархат Бейсенова тұмауға байланысты кейбір мектеп қашықтан оқу форматына ауысатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Бас мемлекеттік санитар дәрігер биыл 28 тамызда балалар қандай жағдайда қашықтан оқу форматына ауысатыны жазылған. Яғни, бір сыныпта тұмау жұқтырған балалардың саны жалпы сыныптағы оқушының 20 пайызынан асып кетсе, бір кабинетте отырып білім алу жүйесі тоқтайды. Екіншіден, тұмауға байланысты сыныптағы балалардың 30 пайызы ауырып жатса, онда оқу онлайн форматқа ауысады.

Сархат Бейсенованың сөзіне сенсек, бүгін таңертеңгі жағдайға сай, еліміздің жеті өңіріндегі мектептер онлайн форматқа көшкен. Дәлірек айтқанда, республика бойынша жалпы 132 мектептегі 1 469 сынып қашықтан оқыту форматына ауысқан.  Атап айтқанда, Астанадағы 24 мектепте 182 сынып онлайн оқуға көшті, Шығыс Қазақстан облысында – 57 мектептегі 204 сынып, Абай облысында – 21 мектептегі 276 сынып, Жамбыл облысында – 14 мектептегі 598 сынып, Қостанай облысында – 12 мектептегі 168 сынып, Ақмола облысында – 3 мектептегі 21 сынып және Қарағанды облысында бір мектептегі 20 сынып қашықтан оқуға ауысты.