Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы артық ақшамен ай сайынғы ипотекасын жаба алмайды – сарапшы

Автор: Нұргүл Абай

Банктердің пайызын зейнетақы жинағымен жабуға тыйым салынбақ

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Өткен аптада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Ашық НҚА» порталында біржолғы зейнетақы төлемдерін тек ипотеканың негізгі борышын өтеуге бағыттайтын бұйрық жобасын жариялады. Яғни, зейнетақы қорындағы артық ақшаны банктің пайыздарына пайдалануға болмайды. Шенеуніктер бұл өзгерістің мақсаты – халықтың борыш жүктемесін азайту деп түсіндірсе де, құжат қоғамда дау туғызып отыр. Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің бас сарапшысы Даубек Керімбаевтан жаңа өзгеріс қазақстандықтарға қандай артықшылық беретінін және одан кім ұтатынын сұрап білді.

Қазақстандықтардың өзі сұраған

Сарапшының айтуынша, министрлікке екі жыл қатарынан біржолғы зейнетақы төлемдеріне қатысты өтініштер түскен. Азаматтардың көбі екінші деңгейлі банктерге зейнетақы жинағының артылған бөлігін өздерінің пайызына ұстап қалуға тыйым салуды өтінген.

«Қазір кейбір адамдарға зейнетақы жинағына банктердің пайызын төлеген ыңғайлы болса, басқаларына негізгі берешекті өтеген тиімді болып тұр. Шыны керек, біздің министрлікке осы күнге дейін бірнеше азаматтан арыз-шағым келіп түсті. Арыздардың негізгі бөлігі – екінші деңгейлі банктердің зейнетақы төлемдерін қолдану барысында өз пайыздарын ұстап қалуына байланысты. Сол себепті министрлік осындай бастама көтеріп отыр. Бұл бастаманы біз өз ойымыздан шығарған жоқпыз, министрлікке екі жыл ішінде түскен өтінімдерден кейін осындай шешім қабылданды», - дейді Керімбаев.

Сарапшы атап өткендей, ипотека рәсімдеген кезде ай сайынғы төлем алғашқы жылдары тек қана банктің пайыздық сыйақысына жұмсалады. Соның кесірінен негізгі борыш жылдар бойы азаймайды, несиенің мерзімі мен ай сайынғы төлемі де қысқармайды. Ал егер министрлік ұсынған өзгеріс қабылданса, үйдің қарызынан ертерек құтылуға болады.

«Біржолғы зейнетақы төлемдерін негізгі борышқа жұмсасаңыз, пайыздарыңыз азаяды. Сосын мысалы 20 жылға рәсімделген ипотеканы үш-бес жылдан кейін толық жауып тастағыңыз келсе, сізге жеңіл болады. Негізгі борыш қысқарған сайын ай сайынғы төлемдер мен жалпы пайыз азаяды, ипотека мерзімі де қысқарады. Мәселен, 30 млн теңгеге үй алдыңыз делік. Бес жыл ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерімен оның 10 миллионын жапсаңыз, банктің пайызы 30 млн-ға емес, тек қалған 20 миллионға ғана есептеледі. Бұл ай сайынғы төлемнің де, банктің пайыздарының да төмендеуіне әкеледі. Нәтижесінде негізгі қарызыңыз едәуір қысқарады», - деп түсіндірді министрлік өкілі.

Даубек Керімбаев министрліктің мақсаты – ипотекасы барлардың жағдайын жақсарту дейді.

«Қазір бізде адамдардың 70-80 пайызы кредитте шығар. Өйткені кредит оңай. Сол сияқты біржолғы зейнетақы төлемдерін де алып, банктің пайызын төлей салу оңай. Біз мәселені ауырлатып жатқан жоқпыз, керісінше, зейнетақы жинағын алатындардың жағдайын жақсартуға әрекет етіп жатырмыз. Ол негізгі борышын төлесе, оның ипотекалық қарызы төмендейді. Ол үйінің қарызынан ертерек құтылады», - дейді бас сарапшы.

Ай сайынғы ипотеканы жаба алмайсыз

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығы бекітілсе, қазақстандықтар зейнетақы жинағының артылған бөлігімен ай сайынғы ипотекасын өтей алмайды.  

«Егер жоба тура осы күйінде қабылданса, біржолғы зейнетақы төлемдері ай сайынғы төлемді жабуға емес, тек негізгі борышты өтеуге бағытталады. Яғни бұл ақшамен банктің пайызын төлей алмайсыз. Бұл талап барлық екінші деңгейлі банкке, соның ішінде Отбасы банкіне де бірдей қолданылады», - деп атап өтті Керімбаев.

Оның айтуынша, ең бастысы зейнетақы шотында шекті мөлшерден асқан қаражат тікелей үйдің  негізгі қарызын азайтуға жұмсалады, яғни ақша банктердің пайызына кетпейді.

«Жалпы ипотека рәсімдеген кезде банк сіздің табысыңыз бен төлем қабілетіңізді ғана тексереді. Біржолғы зейнетақы төлемдеріңізді тексермейді ғой. Банк сіздің айлығыңызға қарай шешім шығарады: төлеуге қабілетті болсаңыз — ипотека береді, қабілетіңіз жетпесе — бермейді. Ипотека мақұлданса, демек сіз оны төлеуге шамаңыз жетеді деген сөз», - дейді сарапшы.

Бұл әзірге тек жоба

Даубек Керімбаев бұйрық жобасы әлі күшіне енбегенін, қоғамның талқысына шығарылғанын еске салды.

«Біз әлі бұл өзгерісті қабылдаған жоқпыз. Тиісті мемлекеттік органдарға жолдадық, олардың позициясын сұрадық. Олардың да ұсыныстары бар, жұмыс тәртібінде қаралып жатыр. Халықтың да пікірін ескереміз. Соңғы шешім ортақ келісім арқылы қабылданады», - деді бас сарапшы.