Алматыдағы коронавирус туралы 199 шенеунік сөйлеген
Бұл туралы қала әкімі журналистерді құттықтаған сөзінде хабарлады
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter-дегі өзінің ресми парақшасында БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Алматының журналистер қауымдастығын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Уақыт тезінен қалыспай, халыққа нақты әрі сауатты ақпарат таратып, кәсіби міндетті адал атқарып келесіздер! Арман-тілектеріңіз орындалсын, табыс пен сәттілік тілеймін!», - деген Сағынтаев сөз басында.
Ол тек құттықтап қана қоймай, жыл басынан бері қала әкімдігі журналистерге ақпарат беру үшін қандай жұмыс істегенін де хабарлады.
Сағынтаевтың сөзіне сенсек, жыл басынан бері 167 баспасөз мәслихаты өтіп, 366 спикер 1685 сұраққа жауап берген. Бұның ішінде, 131 баспасөз мәслихаты COVID-19-ға қарсы іс-қимыл тақырыбына арналған. Бас-аяғы 199 спикер КВИ бойынша 1339 сұраққа жауап берді.
Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде қала әкімдігінің баспасөз қызметі WhatsApp мессенджерінде арнайы чат ашып, коронавирус инфекциясына қарсы күрестің жағдайы туралы журналистерге жедел ақпарат беріп отырғаны хабарланды.
Айта кетейік, Қазақстанда тіркелген 3,5 мыңға жуық БАҚ-тың мыңнан астамы Алматыда жұмыс істейді. Соның ішінде 937 мерзімді басылым, 54 электрондық және 93 интернет-БАҚ бар.