Сонымен қатар ол фармацевтикалық компания басшыларына да бірқатар міндет жүктеді
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алай Көлгінов емханалардың бас дәрігерлерімен, фармацевтикалық компания басшыларымен онлайн-кездесу өткізіп, бірқатар міндет қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бірінші. Пациенттермен кері байланысты күшейту. Әрбір симптомсыз науқасты бақылауда ұстау. Егер симптомдар анықталса науқастар ауруханаға жатқызылады. Симптомсыз тасымалдаушылар өзін-өзі оқшаулауы керек. Сыртқа шығуға болмайды», - деп жазды қала әкімі Instagram парақшасында.
Екіншіден, барлық зертханалардың, емханалардың және стационарлардың базаларын бірыңғай базаға біріктіру үшін жұмыс істейтінін айтты. Мысалы, науқастың ПТР-тесті оң нәтиже көрсетсе, дерек ол тіркелген емханаға тікелей түседі. Әрі қарай дәрігер алгоритмге сәйкес науқаспен жұмыс істейді.
«Үшінші. Жедел жәрдем станциялары телеграм-боттың (@ns103bot) сапалы жұмысын қамтамасыз етуі керек. Ол арқылы қала тұрғындары жедел жәрдем шақыра алады, сондай-ақ колл-орталықтың жұмысын қамтамасыз етуі маңызды. Ахуал орталығы жұмысын күшейтеді. Науқастар топталып қалмау үшін қызметкерлер КВИ бар науқастарды стационарларға таратады», - деп жазды Көлгінов.
Төртіншіден, фармкомпанияларға қысқа мерзімде қаланың дәріханаларына медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесін шешу тапсырылды. Сонымен қатар оларға әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін (логистикалық мәселелерді шешіп, дәрі-дәрмектерді сатып алуға жеңілдетілген несиелер беру және т. б.) атап өтті.