Сот оны 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартты
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер жөніндегі мамандандырылған соты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттерді қайталап жасағаны үшін ер адамды 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сенсек, ол бұған дейін де үйінің берекесін қашырып, әкісшілік жауапкершілікке тартылған.
«Сот анықтағандай, түнгі сағат 03:20 шамасында үйде болған кезінде, бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылса да отбасының тыныштығын бұзып, жұбайын тағы да былапыт сөздермен қорлағанын анықтады. Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, жұбайынан кешірім сұрады», деп хабарлайды Тараз соттары.
Әйел адам оқиғаның мән-жайын растап, күйеуіне қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдануды сұраған екен.
«Сот кінәні мойындауын, өкініш білдіруін және жәбірленушінің пікірін ескере отырып, азаматты кінәлі деп танып, оған 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындады. Сонымен қатар, сот құқық бұзушыны апта сайын учаскелік полиция пунктінде 3 ай бойы профилактикалық әңгімеден өтуге міндеттеді», - деп хабарлайды Тараз соттары.