Енді авторлар өз шығармалары үшін лайықты сыйақы алады – депутат

Автор: Нұргүл Абай

Шығарма иелерінің табысы көбейеді

Фото: freepik.com

Мәжіліс авторлар мен шығарма иелерінің еңбегі дұрыс бағаланып, өз сыйақысын әділ және уақтылы алуына көмектесетін заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, авторлардың сыйақысына қатысты мәселені шешу үшін бірыңғай электронды цифрлық платформа құрылады.

«Барлық келісімшарт — авторлар мен құқықтық басқару ұйымдары, сондай-ақ ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы келісімдер бірыңғай цифрлық платформада тіркеледі. Бұл жүйе келісімшарттардың санын, кімдердің пайдаланушы екенін, олардың тізімін нақты көруге және сыйақының тікелей авторлар мен композиторларға түсуін қамтамасыз етеді. Қазіргі заңнама бойынша жиналған қаражаттың 70 пайызы авторларға берілетін. Біз мұны 80%-ға дейін көтердік, себебі цифрландыру арқылы ұйымдардың атқаратын жұмысы азаяды. Бұл авторларға, шығарма иелеріне, композиторларға үлкен стимул болады деп сенеміз», - деді Байтілесов Мәжіліс кулуарында.

Осы орайда депутат Шәмші Қалдаяқовтың әндері үшін төленетін сыйақыны мысалға келтірді.

«Өкінішке қарай, Шәмші Қалдаяқовтың ұрпақтары бүгінде тоқсанына бар болғаны 18 мың теңге ғана алады. Ал шын мәнінде, теледидар мен радио эфирлері, концерттер — барлығы дерлік Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен басталып, сол кісінің шығармаларымен аяқталады. Бұл, әрине, әділетсіз. Енді осы заң жобасы толық жүзеге асқан кезде мұндай мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз», - дейді мәжілісмен.

Депутаттар сыйақының нақты тарифін белгілемеген. Мұны нарық қатысушылары өздері белгілеуі керек дейді.

«Бірақ жаңа кезде айтқанымдай, егер бұрын өз еңбегі үшін жетпіс пайызын алып келсе, енді сексен пайызын алатын болады. Өкінішке қарай, бүгінде барлық келісімшарт қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. Сондықтан олардың нақты саны мен қай жерде жасалып жатқанынан хабарсызбыз. Мысалы, 2024 жылғы нәтижеге көз жүгіртсек, жалпы 1,7 миллиард теңгенің тек 920 миллионы, яғни небәрі 53 пайызы ғана сыйақы ретінде төленген. Ал заң бойынша 70 пайыз болуы тиіс. Мұның басты себебі – келісімшарттардың қағаз жүзінде жүргізілуі және кейбір сыйақылар кассадан тыс, ұйымдарға жетпей, басқалардың қалтасына кетіп жатыр деген күмән бар. Сондықтан цифрлық платформаны енгізу  осы саладағы ашықтықты қамтамасыз етудің басты тетігі болмақ, - дейді ол.

Оның айтуынша, платформаны Әділет министрлігінің құрамындағы зияткерлік меншік бойынша институт өз қаражатына ашып, қоғамдық ұйымдарға пайдалануға береді.