Оның айтуынша, елімізде 3954 дәрігер жетпейді
Парламент мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов денсаулық сақтау жүйесінде кадр тапшы екенін айтып, Денсаулық сақтау министрі Ахмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, медицина кадрларының тапшылығы бүгінде халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына тікелей әсер етіп отыр, әсіресе ауылдық және шалғай аймақтарда бұл мәселе айқын сезіледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дәрігер тапшылығы – 3 954 маман, ал орта буын медицина қызметкерлерінің дефициті 4 505 адам болған.
2025 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, денсаулық сақтау жүйесінде 275 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 83 мыңнан астамы дәрігерлер, 191 мыңға жуығы орта буын қызметкерлері.
Алайда кадр тапшылығы бірқатар бағыттарда әлі де өткір. Әсіресе терапевтер, жалпы практика дәрігерлері, педиатрлар, акушер-гинекологтар, хирургтер және анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді.
«Мысалы, Қостанай облысында ғана 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 326 дәрігер тапшы болған. Ұқсас жағдай Ақмола, Жамбыл, Түркістан облыстарында, сондай-ақ аудандық және ауылдық аймақтарда да байқалады — кейбір жерлерде дәрігермен қамтамасыз етілу деңгейі штаттың 75%-ына да жетпейді», - дейді Тұрлыханлв.
Депутат саладағы қаржыландырудың азаюына да тоқталды. 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 2 триллион теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,8 триллион теңге болған. Қаржыландырудың қысқаруы, мамандардың қартаюы және бастапқы медициналық буынға түсетін жүктеменің артуы — денсаулық сақтау саласының тиімді дамуын тежеп отыр, деп санайды депутат.
Депутат министрліктен кадр тапшылығын шешуге бағытталған кешенді шаралар қабылдауды сұрады. Ол үш негізгі бағытты ұсынды:
Кадр тапшылығы жоғары өңірлерге қолдау көрсету
Мемлекеттік әлеуметтік жеңілдіктер беру, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме төлемдер төлеу, мақсатты даярлыққа арналған гранттар бөлу, тәлімгерлік пен қайта даярлау жүйесін дамыту.
Қаржыландыруды арттыру
Медицина қызметкерлерін ынталандыруға, ауылдық жерлердегі мамандардың жалақысын көтеруге және кадрлық даму бағытындағы шығыстарды ұлғайтуға басымдық беру.
Кадрларды тиімді бөлу және мобильді медицина
Сөзін түйіндеген Дәулет Тұрлыханов денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлық дағдарыс азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтып, бұл бағытта Үкімет пен министрліктің нақты қадамдар жасау қажеттігін атап өтті.
«Медицина саласы – елдің қауіпсіздігі мен болашағының кепілі. Сондықтан кадр жетіспеушілігін шешу тек салалық емес, ұлттық міндетке айналуы тиіс», – деді депутат.