Жаңа салынған тұрғын үйлердің сапасына енді мемлекет те жауап береді

Автор: Нұргүл Абай

Мемлекет бақылаудан тыс қалмайды

Фото: freepik.com

Мемлекет құрылыс сапасына ортақ жауапкершілік алады. Мәжілісте қаралған Құрылыс кодексінің жобасында осындай норма көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, тапсырыс беруші, мердігер және мемлекеттік бақылау органы құрылыс сапасы үшін ортақ жауапкершілік алады.

«Енді нысанның сапасына құрылыс компаниясы ғана емес, мемлекеттік бақылау органдары да жауап береді. Бұған дейін мемлекет бақылаудан және жауапкершіліктен тыс қалатын. Жаңа тәртіп бойынша, ғимаратта қандай да ақаулар анықталса, мемлекет те тапсырыс берушімен және құрылыс компаниясымен бірге жауапты болады», - деді Нағаспаев Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, кодексте кепілдік мерзімін бұзғаны үшін оны ұлғайту, айыппұл, мемлекеттік органдарға қосымша әкімшілік жауапкершілік шаралары қарастырылған.

«Яғни, менің айтпағым — енді мемлекет өзіне белгілі бір рөл мен жауапкершілікті алып отыр. Өйткені қазір, шын мәнінде, ғимараттардың сапасына нарықтың өзі жауап береді. Ал егер жаңа кодексте көрсетілген ережелер қабылданса, мемлекет те ортақ жауапкершілік алады», - деді министр.