Министр депутаттың сұрағын түсіне алмай, жауапсыз қалдырды
Мәжіліске Құрылыс кодексінің жобасымен келген өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбановтан сөз естіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сұрақ-жауап барысында депутат Құрылыс кодексінің жобасында бас мердігерге субмердігерге 30 пайыздан артық жұмыс беруге тыйым салынғанын атап өтті. Оның айтуынша, бюджет қаражатына игерілетін жұмыстар үшін бұл талапты қою орынды, бірақ жекеменшік секторға араласудың себебі түсініксіз.
«Сіз жеке инвестордың қаражатын қалай игеретініне араласудың себебін айта аласыз ба? Мысалы сіз BI Group немесе BAZIS-A сияқты жекеменшік компанияларға 70 пайызын өзің жаса, қалған 30 пайызын ғана субмердігерге бер деп отырсыз. Соның себебі неде? Түсіне алмай-ақ қойдым», - деп сұрады Жұбанов Нағаспаевтан.
Алайда мінберде тұрған құрылыс министрі депутаттың сұрағын түсінбеді.
«Тағы да бір рет айтыңызшы, түсінбедім», - деді ол.
Мәжіліске дайындықсыз келген министрдің бұл сөзі депутаттың ашуын келтірді.
«Сіздің мына қойылған сұрақтарға жауап беруіңізге қарағанда, дайындығыңыз жақсы секілді. Вот у меня вопрос...», - деп сауалын орысша жалғастырды Жұбанов.
Бірақ Ерсайын Нағаспаев бұл жолы да сұрақты түсінбегенін айтып, кейін қарастыруға уәде етті.
«Шынымды айтсам, сұрағыңызды соңына дейін түсінбедім. Оны пысықтайық, қарастырайық», - деді шенеунік.