Құрылыс саласындағы компаниялардың көбі «жалған» болып шықты дейді ол
Құрылыс саласында өрескел заң бұзған компанияларға осы салада әрі қарай жұмыс істеуге тыйым салу көзделіп отыр. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұндай нормалар Мәжілісте бірінші оқылымда қаралып жатқан «Құрылыс кодексінің» жобасында көзделген.
Нағаспаевтың айтуынша, құрылыс кезінде сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нарық қатысушыларының біліктілігі мен жауапкершілігін арттыру қажет. Қазір құрылыс саласында шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген.
Олардың:
«Бұл көрсеткіш құрылыс нарығының ауқымын көрсетеді. Алайда талдау нәтижесінде көптеген компания мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды. Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ. Мұндай жағдай сапа мен қауіпсіздікті төмендетіп қана қоймай, мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып, саладағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетпей отыр», - деді Нағаспаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, осы мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара интеграцияланған лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады. Ол берілген барлық рұқсатты қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компаниялар тізілімге енбейді.
«Осылайша адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды»,- деп санайды министр.
Тағы бір өзекті мәселе, Нағаспаевтың айтуынша, қазіргі аттестаттау тәртібі сарапшылар мен инженерлердің нақты біліктілік деңгейін толық әрі тиімді көрсете алмай отыр.
«Осыған байланысты негізге халықаралық тәжірибені, соның ішінде Еуроодақтың озық тәжірибесіне сүйеніп, құрылыс инженерлерін сертификаттау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл рәсімді мемлекет емес, нарықтың өзі, яғни тәуелсіз ұйұмдар жүзеге асырады», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі.
«Егер ірі заң бұзу фактісі анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу көзделіп отыр», - деді ол.