Ел аумағының 45 пайыздан астамы жойқын жер сілкінісі қаупі бар аймақтарға жатады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжілісте бірінші оқылымда қаралып жатқан Құрылыс кодексінің жобасында сейсмикалық аймақтарда қала құрылысын жоспарлау мәселесі қалай шешілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, Қазақстан сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарына кіреді. Ел аумағының 45 пайыздан астамы жойқын жер сілкінісі қаупі бар аймақтарға жатады. Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары.
«Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде осы мәселеге арналған жеке тарау енгізіледі. Нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, жаңа нысандарды сейсмо-оқшаулау технологиясымен жобалауды, құрылыс алаңдарын таңдау мен бірінші деңгейдегі маңызды нысандарға инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді көздейді. Сонымен қатар, қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеу, тәуекел карталарын жасау, ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттауды қамтиды», - деді Нағаспаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, белгілі бір қала не елді мекен сейсмикалық микроаймақтарға бөлінеді. Оның карталары қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланылады.
«Сондықтан, жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу стратегиялық маңызды қадам. Ол халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға, салаға заманауи ғылыми-технологиялық негіз қалыптастыруға жағдай жасайды», - деп сендірді ведомство басшысы.