Астанада мигранттарды заңсыз тіркеген екі жігіт 100 мың доллар «пайда» тапқан

Автор: Бақыт Шынар

Сот оларды біраз жылға соттады

Фото: freepik.com

Астанада екі тұрғын шетел азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Тергеу мәліметінше, олар пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, уәкілетті органдарға жалған құжаттар мен көрінеу жалған мәліметтер ұсынған. Соның негізінде шетел азаматтарына заңсыз тұрақты тұруға рұқсат берілгені анықталды.

Сотталғандар бұл қызметі үшін ақшалай сыйақы алып отырған. Сотта айыптарын толық мойындаған оларға сәйкесінше:

  • біреуіне — 1 жыл 6 ай,
  • екіншісіне — 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Мемлекет кірісіне заңсыз алынған қаражат:

  • 100 мың АҚШ доллары,
  • 2,5 миллион теңге,
  • 200 мың Ресей рублі өндірілді.

«Астана қаласының прокуратурасы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру — 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын көздейтінін еске салды», - деп хабарлайды прокуратура.