Бишімбаевтың сотынан кейін күйеуіммен арамыз суып кетті – прокурор Айжан Аймағанова (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Ол журналист Динара Сәтжанға сұхбат берген

Фото: скриншот

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында прокурор болған Айжан Аймағанова тағы бір көлемді сұхбат беріп, өмірі туралы сыр шерткен, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл жолы Динара Сәтжанға сұхбат берген ол сот процесінен кейін танымал болудың кесірі тигенін айтты.

«Бұл сұхбатты 1,5 жыл күттім. Сіз 1,5 жылдан бері медиа-тұлғаға айналдыңыз деуге болады. Танымал болуға үйрендіңіз бе?» – деді сұхбат басында Динара Сәтжан.

Оған жауап берген Аймағанова табиғатынан тұйық адам екенін айтып, аса танымал болу тіпті отбасына кері әсер еткенін жасырмады.

«Қиын. Бұл істен кейін өмірім түбегейлі өзгеріп кетті. Табиғатымнан тұйық адаммын, көпшілік алдында жүргенді ұнатпаймын. Танымал болуға ұмтылған емеспін. Қарапайым прокурормын, өз отбасы мен өз проблемалары бар қарапайым адам едім. Қазір көшеге шықсам, жүре алмаймын. Адамдар келіп, суретке түсіп жатады. Бәрінің ақжарма көңіліне ризамын. Бірақ мен сияқты прокуратурада жұмыс істеп жүріп, сонымен қатар көпшілік алдында жүру – қиын. Жолдасым бар, балаларым бар. Тіпті осыдан кейін күйеуіммен арамыз суып кетті. Келіспей қалатын кездер болды. Жақында ғана ол екеуміз жаңаша қарым-қатынас орната бастадық. Балаларыммен де солай, оларға мен туралы айтатындар бар екен. Сондықтан мен үшін қиын болды», – дейді прокурор.

Оның айтуынша, ол танымал болуға үйренбесе де, көндігуіне тура келген. Әрі осы соттан кейін «танымал болып кетесің» деп ескерткенде, бұл іске жоламайтын едім дейді.

«Танымал болуға етім үйренді деуден гөрі, оған көндіктім деуге болады. Әуел баста маған: “Айжан, осы істен кейін танымал боласың” десе, мен бас тартатын едім», – дейді ол.

Естеріңізге салайық, Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Астанадағы мейрамханада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрған. Соның салдарынан Нүкенова 9 қараша күні кешке таман көз жұмған. Бишімбаев тура сол күні Астанадағы уақытша қамау изоляторына қамалып, 2024 жылдың көктеміне дейін тергелді. Оның соты 2024 жылғы 27 наурызда басталып, 13 мамыр күні аяқталды. Судья оны 24 жылға бас бостандығынан айырды. 

Ал бұл істе мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова соттағы өткір сөздерінен кейін жұлдызға айналып, халық арасында сүйікті прокурорға айналды. Сотқа дейін оның әлеуметтік желісінде өте аз оқырман болса, дәл қазір оған 246 мың адам жазылған.