Жамбылда «іші тар» келіншек ерлі-зайыпты шаштараздарды сотқа беріп, жеңіліп қалды

Автор: Бақыт Шынар

Арызданған келіншек үйдің астындағы шаштараз оның психикасына кері әсер етеді деп шағымданған

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облыстық соты апелляциялық тәртіппен ерлі-зайыпты шаштараздарға қатысты азаматтық істі қарап, көршілер арасындағы дауға нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл соттарының мәліметінше, арызданушы әйел Талас ауданының Қаратау қаласында орналасқан шаштараз салоны рұқсатсыз жұмыс істеп жатыр деп көрсеткен. Сонымен бірге дәл сол шаштараз оның өміріне қолайсыздық тудырады деп шағымданған.

«Сотта жауап берген ерлі-зайыпты өз шаштараздарының қызметін заңды түрде жүзеге асырып жатқанын, барлық құжаттары бар екенін және бұл жұмыс олардың жалғыз табыс көзі екенін түсіндірді. Шаштараз иесі пәтерін заңға сай салонға айналдырып, тиісті рұқсат құжаттарының бәрін алғанын дәлелдеді. Бұған қоса, олар арызданушы көрші ұзақ уақыт бойы бизнестеріне кедергі келтіріп жүргенін айтты», – деп хабарлайды Жамбыл соттары.

Сотта куәгер (талапкердің қызы) шаштаразға келушілерді камераға түсіріп, полицияға хабарласқанын мәлімдеді. Ал басқа куәгерлер (көрші пәтер тұрғындары) шаштараздың жұмысы өздеріне ешқандай кедергі келтірмейтінін жеткізді.

«Сот анықтағандай, жауапкерлер 2018 жылы пәтерді шаштаразға айналдыруға ресми рұқсат алған, тиісті техникалық құжаттаманы рәсімдеген. Сонымен қатар, талапкер шаштараз жұмысының денсаулығына немесе психикалық жағдайына теріс әсер ететінін растайтын ешқандай дәлел келтіре алмады. Талас аудандық соты арызды қанағаттандырмаған. Арызданушы бірінші инстанция сотының шешіміне шағымданғанымен, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот актісін өзгеріссіз қалдырды», – деп хабарлайды Жамбыл соттары.