Азаматтар азық-түлікті нарықтағы бағадан арзан сатып ала алады
27–28 қыркүйек күндері Қазақстанның барлық өңірінде отандық тауар өндірушілердің қатысуымен 60-қа жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сауда министрлігіне сілтеме жасай отырып.
Жәрмеңкеде фермерлер ет, балық, сүт, азық-түлік өнімдерімен қатар, көкөністер мен жемістердің кең таңдауын ұсынады. Барлық өнім тікелей өндірушілерден сатылатындықтан, баға қолжетімді болмақ әрі бұл шара жергілікті фермерлерді қолдауға ықпал етеді.
Астана мен Алматыда – 27 және 28 қыркүйек (сенбі-жексенбі);
Басқа өңірлерде – 27 қыркүйек (сенбі).
Астанада жәрмеңке «Keruen Joly» СОО-да және «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді. Алматы қаласында жеті ауданда бірнеше сауда орны белгіленген. Сондай-ақ, Шымкент, Ақтөбе, Қонаев, Тараз, Өскемен, Семей, Ақтау, Орал, Қызылорда, Қостанай, Рудный, Теміртау, Қарағанды және өзге де облыс орталықтары мен аудандарда жәрмеңкелер өтеді.