Ол бұл салада 7 жылдан бері еңбек етеді
Семейде күн сайын жүздеген шақыртуға жедел жетіп, адамдардың өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүргендердің бірі – жедел жәрдем фельдшері Алмас Сәмиғұлов. Ол бұл салада жеті жылдан бері еңбек етіп келеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Әрбір телефон қоңырауының артында бір адамның тағдыры жатады. Кейде бірнеше минуттың өзі шешуші рөл ойнайды. Сондықтан біздің жұмыста әр секунд бағалы. Бұл қызметті тек мамандық деп емес, үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын», – дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Бастама еліміздің әр аймағанда қарапайым еңбек етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеруге арналған. Көп жағдайда көзге көрінбей қалатын ауыр жұмыстың бір мысалы – жедел жәрдем фельдшерлерінің қызметі деуге әбден болады.
Алмас Сәмиғұловтың айтуынша, Семейде жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулардың саны аз емес. Бір тәуліктің өзінде ондаған үйге баруға тура келеді.
«Кейде бір күнде 10-нан астам шақыртуға барамыз. Әртүрлі жағдай болады. Бірінде жүрек талмасы, екіншісінде жол-көлік апаты, тағы бірінде сәбиді шұғыл ауруханаға жеткізу қажет болады. Мұндай кезде сабырлылық сақтап, төзімділік таныту керек», – дейді Алмас Сәмиғұлов.
Ол өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған.
«Алғашқыда қиындық көп болды, себебі ауыр хәлдегі адамдарды көру оңай емес еді. Бірақ уақыт өте келе бұл жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, қалыпты қабылдай бастадым. Қазір өз таңдауыма өкінбеймін, мен үшін маңыздысы адам өмірін сақтап қалу», – дейді ол.
Алмас Сәмиғұлов біліктілігін үнемі жетілдіріп жүрген кәсіби маман. Ол халықаралық деңгейде мойындалған BLS, ACLS, PALS, PHTLS және NRP бағдарламалары бойынша дайындықтан өткен. Алған тәжирибесін жұмысында сәтті пайдаланып, әріптестеріне де үйретіп жүр.
«Медицина саласында тоқтап қалуға болмайды. Күн сайын жаңа әдістер шығып жатыр. Өзім үнемі ізденіс үстінде жүремін», – дейді маман.
Фельдшердің айтуынша, жедел-жәрдем шақыртулары көбейген кезде тынығуға уақыт жетпей қалады, кейде түні бойы науқастардың қасында жүруге тура келеді.
«Кейде бір түнде бірнеше қоңырау қатарынан түседі. Үйге әбден шаршап жетесің, ертеңіне қайтадан жұмысқа шығасың», – дейді ол.
Осындай қажырлы еңбек көбіне назардан тыс қалады. Сондықтан Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы қарапайым еңбек адамдарын қолдауға бағытталуы айрықша мәнге ие.
Алмас Сәмиғұловтың пікірінше, бұл бастама жастарды ынталандырады.
«Көпшілігі дәрігер болуды армандайды, бірақ фельдшердің еңбегі одан кем түспейді. Біз ең бірінші болып оқиға орнына жетеміз. Жастарға айтарым, әр мамандықтың орны бар. Егер жүрекпен таңдап, адал еңбек етсең, оның бағасы жоғары болады», – дейді ол.