Жүк тасымалы еліміздің табысын ғана емес, инвестициялық тартымдылығын да арттырады – депутат

Автор: Нұргүл Абай

Су ресурстарын тиімді пайдалану да өте маңызды дейді ол

Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат биылғы жолдауда еліміздің негізгі тірегі саналатын барлық салаға қатысты нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. Соның ішінде ерекше маңыздысы – Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін арттыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері.

«Қазақстан Еуразияның қақ ортасында орналасқан мемлекет ретінде транзиттік тасымалдауда орасан зор әлеуетке ие. Әлемде жүк тасымалы саласында үлкен бәсекелестік жүріп жатқанда, еліміздің географиялық артықшылығын барынша пайдалануымыз керек. Бұл бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, бюрократиялық кедергілерді азайту, жүк пен жолаушы тасымалының уақытын қысқарту аса маңызды. Мысалы, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағынында Қазақстан маңызды рөл атқарып отыр. Екі теміржол дәлізі арқылы тасымал көлемі артты. Қателеспесем, 2024 жылы еліміз арқылы 90 мыңнан астам контейнер жүк өткен. Мұның өзі еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Жүк тасымалы еліміздің табысын көбейтіп қана қоймай, инвестициялық тартымдылығын да арттырады», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат, сонымен қатар әуе тасымалының инфрақұрылымын дамыту да өзекті екенін айтты.

«Жүкті жедел жеткізуге сұраныс артқан қазіргі жағдайда әуежайлардың мүмкіндігін кеңейту қажет. Мәселен, Павлодар қаласындағы әуежайдың жөндеу жұмысы кешеуілдеп жатыр. Мен өткен пленарлық отырыста осы мәселені көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. Бұл өңір – еліміздің индустриялық орталығы, энергия өндіру ошағы әрі ірі инвестициялық жобалар тартылып жатқан аймақ. Сондықтан оның көлік-логистика әлеуетін арттыру – аса маңызды міндет», - дейді ол.

Бұған қоса мәжілісмен жолдауда көтерілген тағы бір өзекті тақырып су ресурстарын үнемдеуге тоқталды.

«Су тапшылығы қазірдің өзінде сезіле бастады. Мысалы, биыл дәстүрлі түрде мол өнім беретін қарбыздың бағасы күзге қарай төмендеген жоқ. Мұның себебін шаруалардан, сатушылардан сұрасам, биыл қарбыз аз, су тапшылығына байланысты кейбір өңірлерде қарбыз өсіру сәл азайды дегенді естідім. Бұл қарапайым мысалдың өзі судың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», - дейді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы суды үнемдеу үшін жаңа технологияларды кеңінен енгізу қажет деп санайды. Шет елдердің тәжірибесіне сүйеніп, тұщыландыру, қайта пайдалану, техникалық су айналымы сияқты тәсілдерді енгізу керек дейді.

Сондай-ақ тұрмыстық және кәсіпкерлік деңгейде ысырапты азайту маңызды. Мәселен, көлік жууда суды шамадан тыс пайдалану әдетке айналып кеткен. Мұндай жағдайды өзгерту үшін цифрлық бақылау жүйесін енгізіп, су үнемдейтін технологияларды пайдаланатын кәсіпкерлерге ынталандыру шараларын қарастыру керек деп пікір білдірді депутат.