Сексен көлдің ортасында орналасқан Ақмола облысында ауыз су мәселесі әлі шешілмеген

Автор: Azattyq Rýhy

Проблеманы толық шеші үшін 72 млрд теңге қажет

Көрнекі фото

Сексен көлі мен сұлу табиғаты талайды тамсандырған Көкше өңірінде су мәселесі өзекті десе ешкім сенбейтін шығар. Бірақ, өкінішке қарай, ақмолалық жұрт ауыз суға жарымай келеді. 40-50 жылдан астам қолданылған құбырлар әбден тозған. Тіпті, облыс орталығы Көкшетау қаласының өзінде краннан ағатын су ішуге жарамсыз күйге түскен.

Қала тұрғындары краннан ауыз суды мүлдем ішпейді. Қолы жеткендер қымбат болғанына қарамастан арнайы сүзгі аппараттарын орнатқан. Су сапасы төмен болғандықтан сүзгіштерін 6-7 айға жетпей ауыстыруға мәжбүр. Ал, басым көпшілігі дүкендер мен көп қабатты үйлердің жанына қойылған сүзгіш аппараттарынан литрін он теңгеден сатып алады. Болмаса дүкеннен 5 литрлік су құтылары үшін 250-300 теңге төлейді. Көлігі барлар бұлақ басында кезекке тұрып, ауыз су алады.

«Сарғайып, тат басқан кір суды қайтіп қолданамыз? Көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындар сапасыз суды ішуге мүлдем қолданбайды. Краннан аққан су тұрмыстық мақсатта ғана пайдалануға жарамды. Мен өзім Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосында теміржолдың жанында орналасқан көп қабаты үйлердің бірінде тұрамын. Бізде күндіз краннан мүлдем су ақпайды. Бірнеше мәрте қалалық және облыс әкімдігіне шағымданып, хат жаздық. Олар құбырлар әбден тозғандықтан, қатты қысым жіберу мүмкін еместігін айтып, ешқандай көмек бере алмайтынын айтып жауап берді. Осы мамыр айынан бастап лас судың өзіне де зар болып қалдық. Бірінші қабаттарда сыздықтап ағатын су екінші және одан жоғары қабаттарда мүлдем тамбайды. Су алу үшін түнгі он екіде тұрып, түні бойы сыздықтап аққан суды ыдыстарға құйып аламыз. Олай етпесек, күні бойы сусыз қаламыз. Әкімдік еш әрекет жасар емес. Красноярда су айдайтын мұнара бар. Бірақ қалқайып тұрғанымен, ол жұмыс істемейді», - дейді Краснояр селосының Александра Сергеева есімді тұрғыны. 

Қаланы сумен қамтитын «Көкшетау Су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ермек Өмірғалиевтың айтуынша, су құбырларының 70 пайыздан астамы әбден тозған. Тіпті, Көкшетау қаласын сумен қамтамасыз ететін негізгі су қоймаларындағы тіршілік көзі лайланған дейді ол. 

«Қазіргі таңда Шағалалы су қоймасындағы судың өзі лайланған. Су құбырларының басым бөлігінің тозығы жеткен. Сонымен қатар, Көкшетау қаласының көлемі жылдан-жылға өсіп жатыр. Осыған байланысты суды тұтыну мөлшері де артып келеді. Сорғылық станцияның өткізу қабілеті тәулігіне 21 мың текшеге ғана шамасы жетеді. Ал халықтың көбеюі себепті біз қалаға тәулігіне 30 мың текше су жіберіп жатырмыз», - дейді Ермек Өмірғалиев.

Облыс орталығы ауыз суды жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және қала іргесіндегі Шағалалы су қоймаларынан алып келеді. Шағалалы суы құбыр арқылы «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының тазартқыш қондырғыларынан өтеді. Бірақ су тазарту станциясының сүзгілері әбден тозғандықтан, су ішуге жарамсыз.

«Су тазарту станциясына су Шағалалы су қоймасынан келеді. Мұнда ол тазартылып, сүзгіден өткізіліп, зарарсыздандырылады. Резервуарларда тұндырылғаннан кейін су қалаға жіберіледі. Сергеев су қоймасынан суды бізге жіберу шектелгендіктен біз Шағалалы су қоймасына екі сорғылық агрегатты іске қосуға мәжбүрміз. Яғни Шағалалы су қоймасынан су айдау көлемін ұлғайттық. Станция осыдан елу жыл бұрын – 1970 жылы салынған. Пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Қаланың қазіргі қажетн өтеуге мүмкіндігі жетпейді. Біз жарылған, тозған су құбырларын үнемі ауыстырамыз. Су тазарту стансасында құмды, сорғылар мен су таратқыштарды ауыстырып, біршама жаңарту жұмыстарын жүргіздік. Станция қазіргіден де көп мөлшердегі суды да қабылдай алады. Бірақ, оны қайта өңдейтін ресурс жоқ. Тәулігіне көп дегенде 21 мың текше суды ғана өңдеуден өткізуге қауқарлы. 2011 жылы жаңа су тазарту станция салынуы тиіс болған. Ол 60 мың текше метр суды өңдеуге қабілетті. Бірақ, құрылыс аяқталмай, арты сиыр құйымшақтанып кетті. Құрылысы басталған станса қазір өлі күйде тоқтап тұр», - дейді «Көкшетау Су Арнасы» су құбырын тазарту құрылысының директоры Сергей Сидоренко.

Ал осы жылдың ақпанында Көкшетау қаласында су құбырларының бірінде ірі апат болып құбыр жарылуынан халық бірнеше тәулік бойы сусыз қалды. Тұрғындардың айтуынша, бұл да құбырлардың қатты тозуынан болған. Судың сапасын бақылау зертхананың күнделікті міндеті емес пе дейді олар.

«Біздің әрбір күніміз көше учаскелерін таңдаудан басталады. Күн сайын 20 колонкаға барып, судың құрамын зертханаға апарып тексерістен өткіземіз. Айына бір мәрте толық химиялық талдау жасалады. Зертхана жұмысшылары Көкшетау қаласының, Краснояр селосы мен Станционный кентінде орналасқан 289 колонкадан су құрамын тексереді. Қала бойынша 30 бақылау бекеті орналасқан. Судың түсі, дәмі, татымы және хлор мөлшерін бақылауға аламыз. Судың лайлылығы әрбір екі сағат сайын бір рет, микробиолгиялық талдау күн сайын жүргізіледі. Судың қаттылығы құбырлар жарылған кезде даулы мәселелерді талдауға көмектеседі», - дейді «Көкшетау Су Арнасы» су құбырларын тазарту зертханасының меңгерушісі Елена Альбекова.  

Көкшетау қаласындағы ауыз су сапасының сын көтермейтінін облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина да мойындады.

«Краннан суды ішуге болмайды. Себебі бактериялық және химиялық көрсеткіштері талапқа сай емес. Көкшетауда ауыз суға қатысты аурулар жоқ. Өйткені көкшетаулықтар көп жылдар бойы краннан су ішпейді. Дегенмен, ұзақ мерзімді салдары байқалады. Соңғы он жылда қала тұрғындары арасында бүйрекке тас жиналу аурулары көбейген», - дейді Айнагүл Мусина.

Ауыз судың тапшылығын Ақмола облысының басқа да аудандарының тұрғындары тартып келеді. Мәселен, облыстың курортты аймақтарының бірі – Зеренді ауданының Өзен ауылы таза ауыз суға жете алмай келеді.

«Біз осыған дейін су тартылған жайлы пәтерлерде тұрдық. Құдық қазуға рұқсат берілмейтін. Бірақ, қазіргі кезде жұрттың бәрі өздері құдық қазып, үйлерінің жанына септик сала бастады. Ауылдағы ескі құдықтардың тозығы әбден жетті. Біз су құбырын тартуды сұраймыз», - дейді Зеренді ауданы Өзен ауылының тұрғыны Сұлушаш Исагаева.

Ал ауыл әкімі тұрғындардың суды таза құдықтардан ішіп отырғанын, болашақта орталықтандырылған су құбырын тарту жоспарланғанын айтып ақталды.

«Ауыл тұрғындары суды құдықтан ішеді. Орталықтандырылған су құбыры тартылған жоқ. Бірақ болашақта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Өркен және Өзен ауылдарына орталықтандырылған су тарту жоспарланып отыр. Осы жылы жобалық-сметалық құжаттамасын жасаймыз. Су қорынан таршылық жоқ. Былтыр Өзен ауылының мектебінде ұңғыма орнатып, суды ішке тарттық және әжетхана орнаттық. Сапасы талапқа сай болды», - дейді Зеренді ауданы Күсеп ауылдық округының әкімі Беркенді Бекболатов.

Өңірдегі ауыз судың жалпы хал-аһуалын саралау үшін облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен басшысынан да пікірін білмек болдық. Мекеме басшысының айтуынша, қазіргі таңда еліміздің барлық елдімекені ауыз сумен қаншалықты қамтамасыз етілгенінен нақты ақпарат беретін www.auylsu.kz сайты іске қосылған.

«Сервис құрылымы әрбір қолданушы өзіне қажетті мәліметті еркін тауып алатындай етіп жасалған. Барлық контент негізінен статистикалық деректерден тұратындықтан қабылдауға аса жеңіл. Сайт облыстағы кез-келген ауданда немесе елдімекендердегі сумен қамту саласы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Яғни, мұнда қандай елдімекендер мен ауылдар орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгені немесе су мәселесінің шешілмегені айқын көрінеді. Мұнымен қоса, инженерлік желілердің ұзындығы мен олардың қаншалықты тозғаны жайлы нақты ақпараттар орналасқан», - деді басқарма басшысы Иван Юрченко.

Сонымен www.auylsu.kz сайтында көрсетілген деректерге сүйенсек, Ақмола облысында жалпы 590 елдімекенде 456 379 адам тұрып жатыр. Осылардың ішінде 364 ауыл таза ауыз сумен қамтылған. Ал 226 ауылда су құбырлар желісі мүлдем тартылмаған. Яғни, 86505 адамның таза ауыз су мәселесін шешу қажет. Сондай-ақ, облыс аумағындағы ауылдарда 5 мың шақырым сумен қамту желілері тартылған. Дегенмен, қазіргі уақытта құбыр желілерінің жартысынан астамы яғни 52,309 пайызы жөндеуді қажет етеді.

Сайтта сонымен қатар елімізде ауылды жерлерге орталықтандырылған ауыз су жеткізу үшін қанша қаражат жұмсау қажеттігі де беріліпті. Ақпаратқа сенсек, Ақмола облысындағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту үшін 71 835 455 900 теңге қажеттігі көрсетілген.

P.S. Иә, бір қарағанда бәрі дұрыс көрінгенімен, Ақмола облысында ауыз су аса күрделі мәселеге айналған. Шешу үшін 72 миллиард теңге сома қаражат қажет. Ақша бөлінбейді емес, бюджеттен «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен миллиардтаған қаражат бөлінген. Бірақ ауыз су қашан беріліп, қарапайым ауыл тұрғыны тастай мөлдір, тұнық әрі таза суды қашан ішетіні әлі белгісіз...

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы