Меморган олардың декретте отырған мерзім еңбек өтіліне қоспақшы
Дәл қазір Қазақстанда 900-дей ер адам бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отыр. Бірақ, олардың осы үш жылғы демалысы әйел адамдар сияқты еңбек өтіліне қосылмайды. Еңбек министрлігі Әлеуметтік кодекстің консультативті құжатына осы әкелердің декреттік демалысын да еңбек өтіліне қосу туралы ұсыныс енгізіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжат «Ашық-нормативтік құжаттар» порталына жарияланған және 24 қыркүйекке дейін талқыланады.
«2024 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 191 мың адамға зейнетақы тағайындады. Соның ішінде, 106 мың әйел адам, 84 мың ер адам бар. Олардың орташа зейнетақысы – 116 мың теңге. Осы зейнетке шыққан әйелдердің арасында 52 мың келіншектің жасына бала күтіміне байланысты үш жыл декретте отырған уақыты еңбек өтілі ретінде қосылған», - деп жазылған құжатта.
Енді осы құжаттағы өзгеріс арқылы Еңбек министрлігі декретке шыққан әкелердің де үш жылғы демалысын еңбек өтіліне қосуды қалап отыр.
«Қазір Қазақстанда шамамен 900 әке бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отыр. Сондықтан, әйелдер сияқты, ер адамдардың да бала күтіміне байланысты алған 3 жылғы демалысын еңбек өтіліне қосу көзделіп отыр», - деп жазылған құжатта.