Өңір инвестиция тартудан жетістікке жетіп келеді
Батыс Қазақстан облысы – Қазақстанның батыс қақпасы ғана емес, сондай-ақ ел экономикасының алдыңғы шебінде тұрған стратегиялық өңірлердің бірі. Аймақтың географиялық орналасуы көршілес Ресеймен шекаралас болуына байланысты халықаралық сауда-саттық пен транзиттік қатынаста ерекше орын алады. Сонымен қатар мұнда мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс сынды негізгі салалар қатар дамып келеді. Табиғи ресурстардың мол қоры мен қолайлы бизнес-климат аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жобалардың басталуына жол ашып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жаңғырту қажеттігін ерекше атап өтті.
«Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек», – деді Президент.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылға негізгі капиталға салынатын инвестициялардың жоспарлы көлемі 841 млрд теңге деңгейінде бекітілген. Бұл көрсеткіш өңірдің даму қарқынын айқындайтын маңызды меже болып табылады. Қазіргі таңда тартылған қаржы көлемі 193,5 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсімнің бар екенін байқатады. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш 178,3 млрд теңгені құраған еді. Аймақ экономикасы жылдан жылға серпінді дамып келеді.
Президент Жолдауында әкімдердің инвестициялық ахуалға тікелей жауапты болатынын да атап өтті.
«Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа жобалар өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Жыл ішінде жалпы құны 56,9 млрд теңгені құрайтын 35 жоба қолға алынған. Аталған жобалардың аясында 837 жаңа жұмыс орны ашу көзделуде. Қазіргі таңда бірнеше жоба сәтті жүзеге асырылды. Орал қаласында көтерме-тарату орталығы іске қосылды. Бұл орталық аймақтағы азық-түлік пен тұтыну тауарларының жеткізілуін жеңілдетіп, логистикалық жүйені жетілдіреді. «Оралагрореммаш» ЖШС арнайы техниканы бояйтын цех ашып, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына қажетті техникаларды жөндеуге мүмкіндік жасады. Ал Ақжайық ауданында «Amaner IZI» ЖШС суармалы учаскелер құрып, жергілікті шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға бағытталған жобаны бастады. Осы үш жобаның өзі өңірдің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және логистика салаларын жандандырып отырғанын атап өткен жөн.