Ал қарияларды қарайтын қызметкерлер бар-жоғы 110 мың теңге жалақы алады
Бүгін Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді талап етті. Ол жазда жұртпен жүздесіп, қамкөңіл қарапайым қарашамен, айлығын шайлығына жеткізе алмай жанталасқан ұл-қыздармен кездескенін айтып, олардың жанға бататын жағдайын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Еліміздегі ерекше балалармен жұмыс істейтін, оларды емдейтін, жаттықтыратын, күн сайын жүздеген баланы арнайы мекемеде, кейбірін үйіне барып оқытатын мыңдаған маман бар. Олар әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейді. Бірақ ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасап, жұмыскерлерді жоғары жалақы алатындардың қатарына қосу қиямет-қайым қазір. Өзім аяқтай барған Астана қаласындағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 640 бала ем алады, оның 63-і кәмелет жасына жеткендер. Ерекше балаларға ерекше жағдай жасауы тиіс орталықтағы 160 қызметкердің орташа жалақысы 180 мың теңге. Жұмыстың көбінесе жоғары эмоционалды және физикалық күш-жігерді қажет ететінін ескерсек бұл өте аз ақша. Салдарынан ешкім мұндай орталыққа қызметке келгісі келмейді, кадр тапшы, - деді ол.
Айтуынша, 2024 жылы 53 қызметкер жұмыстан кетсе, 2025 жылдың жарты жылдығында 28 қызметкер қызметтен кеткен.
«Жалақы көтерілмесе жағдай оңалмайды. Бұл бір ғана мысал, еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы жағдай дәл осындай. Бас қаладағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да бас сұқтым, жұмыскерлердің жағдайы адам аярлықтай. Бір орталыққа 900 ата-әже қаралады. Ішінде бала-шағасы тастап кеткен ата-әжелерде бар, оларды көргенде жүрегің қан жылайды. Қамкөңіл қариялардың жағдайын жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге. Салдарынан ол жаққа ешкім жұмысқа бармайды. Бұл еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай екенін еске саламын», - деді депутат.
Нартай Аралбайұлы өзінің бірнеше ұсынысын атап өтті.