$ 533.87  621.64  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2025, 16:02
Қоғам

Шенеуніктерге арналған Aitu мессенджері WhatsApp-ты алмастыра ма - ресми мәлімет

Отандық мессенджердің барлық сервері Қазақстанда орналасқандықтан деректер шетелге шықпайды

Шенеуніктерге арналған Aitu мессенджері WhatsApp-ты алмастыра ма - ресми мәлімет
Фото: istockphoto.com

Жуырда премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың қызметкерлерін 15 қыркүйекке дейін ұлттық Aitu мессенджеріне көшіруді тапсырған болатын. Осыған байланысты Azattyq Rýhy Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдап, жаңа платформаның артықшылығы мен мүмкіндіктері туралы білді.

Министрліктің ақпаратынша, Aitu мессенджері орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда, сонымен бірге квазимемлекеттік сектор ұйымдарында (ұлттық компаниялар, холдингтер) ғана қолданылады. Мемлекеттік қызметкерлер ұлттық мессенджер арқылы қызметтік мақсаттағы ақпараттармен алмасады.

«Мақсат – ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қорғалған цифрлық орта қалыптастыру.  Aitu қызметтік хат алмасу, жұмыс чатын жүргізу, жедел хабарламалар мен мемлекеттік цифрлық платформалармен өзара әрекеттесу үшін негізгі құралға айналады. Оның артықшылығы – барлық сервер Қазақстан аумағында орналасқан, бұл деректерді қорғау талаптарына сай келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін сенімді етеді», - деп жауап берді ведомстводағылар.

Aitu қазақстандықтар күнделікті қолданатын шетелдік WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлерді алмастырмайды және олардың жұмысына кедергі келтірмейді. Ол тек жұмыс барысындағы ресми хат-хабар үшін қолданылады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар Aitu платформасында өз жаңалықтарын да жариялай алады.

Ұлттық өнімді мемлекеттік қызметшілерге арнап «BTS Digital» компаниясы әзірлеген. Цифрлық даму министрлігі жаңа мессенджер үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінді деген сұрағымызға жауап бермеген.  

Aitu мессенджері iOS және Android-та бар, басқа мессенджерлер сияқты оңай орнатылады, деп сендірді министрлік. Сондай-ақ браузер арқылы Aitu-дың веб-нұсқасына да қосылуға болады.

Серіктес жаңалықтары