Үш баланың анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді
Қарағанды облысында үш баланың анасы, 44 жастағы мұғалім Жазира Белгібекова осыдан екі ай бұрын ауыр хәлде ауруханаға түскен. Арада осыншама уақыт өтсе де, дәрігерлер келіншекке әлі диагноз қоймаған. Қазір науқас реанимацияда жатыр, екі бүйрегі істен шығыпты. Күннен күнге жағдайы нашарлап бара жатқан сіңлісінің өміріне алаңдаған Алмаш Торғаева Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, көмек сұрады.
Жазира Белгібекова отбасымен бірге Шет ауданындағы Ақадыр кентінде тұрады. Үш баланың анасы бұрын-соңды ешқандай есепте тұрмаған, денсаулығына да шағымданбапты. Алайда биыл көктемде бірден жеті келі салмақ тастап, жүдеп кеткен, асқазаны да сыр бере бастапты.
«Ауруханаға түсер алдында достарымен бірге Балқаштан демалып келген еді. Ауылға келген бойда іші өтіп, құсып, ауырып қалды. Анасы мен сіңлісі қатты қиналғанын көріп, оны алдымен Қарағандыдағы Мақажанов атындағы ауруханаға апарып жатқызды. Осы ауруханада он күн жатқанда биопсия алынып, анализін Алматыға жіберген. Қорытындысын он күн күттік. Ол кезде жаман ауру (рак) емес деп келді. Одан кейін крон ауруы деген диагноз қойды да, сосын гастроэнтерологқа жіберді. Бірақ, Ерубаевтағы облыстық клиникалық ауруханасының гастроэнтерологтары бұл Крон ауруы емес деп шықты. Міне, содан бері екі ай өтті. Диагнозын әлі тапқан жоқ. Сіңлімнің іші өтіп, құсып, салмағы түсіп кетті. Система қойып жатыр. Қаншама анализ тапсырдық, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Адам көз алдымызда нашарлап барады», - дейді Алмаш Торғаева.
9 тамызда жүргізілген тексеруде аш ішекте өзгерістер бары айтылғанымен, ішке жиналған сарысу салдарынан нақты көрінбеген. Кейінгі нәтижелерде «жүйелі қызыл жегі» (системная красная волчанка) немесе ішек туберкулезі болуы мүмкін делінген.
«Мен сосын Астанадағы UMC орталығының дәрігерімен онлайн сөйлестім. Ол кісі жіберілген анализдерге қарап «жүйелі қызыл жегі» деген қорытынды берді. Енді сіңлімді Астанаға апарып, ақылы болса да сол жаққа жатқызайықшы десем, «сіңліңіз өте ауыр хәлде, оны қозғауға болмайды» деп ешкім қабылдағысы келмейді. Ал Қарағандыдағы дәрігерлерге: сіздер бізге Астанаға жолдама беріп, жедел жәрдеммен ауыстырып жіберіңіздер десек, «науқасты қолхат жазып алып кетіңдер, бірақ біз одан кейін оны қайтадан жатқызбаймыз» дейді. Қолхат жазып алып кетейік десек, Астананың ауруханалары қабылдаудан бас тартып тұр. Енді біз не істеуіміз керек? Адамның өлгеніне қарап отыруымыз керек пе? Бізге көмек керек. Қарағанды әлі диагнозын анықтаған жоқ, емдеуді де бастамады, системамен шектеліп отыр. Ал адам күннен күнге әлсіреп барады», - деп ашынды пациенттің апасы.
Науқастың туыстары Кореядағы дәрігерлермен де байланысқа шыққан. Шетелдік дәрігер екі күн ішінде нақты қорытындысын беруге уәде еткен.
Алмаш Торғаеваның айтуынша, Жазира қатты әлсіреп кеткен, әрең сөйлейді, көп адаммен сөйлескісі де жоқ. Қасына барған адамды жібергісі келмей, «отыра тұршы, қасымда болшы» деп айтады екен.
Науқастың отбасы осы уақытқа дейін ем-домға 600 мың теңгеге жуық ақша жұмсапты.
«Біз осы уақытқа дейін өз туыстарымыздан жиналған қаражатты жұмсап келдік. Екі айдың ішінде анализдерге шамамен 600 мың теңге кеткен. Бірақ бұдан әрі жалғастыру қиын болып барады. Егер сіңлімізді Астанаға ауыстырса, ол жақта бір күндік емнің өзі 60 мың теңгеден асады деп естідім. Сол себепті амалсыздан халықтан көмек сұрап, сбор аштық. Шынын айтсам, оны да қорқа-қорқа әрең аштық. Қазір мұндай әрекеттердің өзі заңмен қудаланады ғой. Кеше ғана Кореядағы дәрігерлермен сөйлестік. Олар екі күннің ішінде нақты қорытындысын беретінін айтты. Егер диагноз сол жақтан нақтыланса, бізге Кореяға емдеуге апару үшін тағы да ақша жинауға тура келеді. Бірақ қазір диагноздың анықталмай отырғаны бізге қиын болып тұр. Соның кесірінен уақыт жоғалтып жатырмыз», - дейді Алмаш Торғаева.
Редакция Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасынан және Денсаулық сақтау министрлігінен Жазира Белгібекованың жағдайына қатысты ресми түсініктеме сұратты. Әзірге жауап келген жоқ.