Енді қазақстандықтарды 5 жыл бойы жақсы жұмыс істеген туроператорлар ғана қажылыққа апара алады

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы мүфтияттың ресми сайтында хабарланған

Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақстандықтарды 2026 жылы қажылық пен кіші қажылыққа апаратын туристік операторлар арасында конкурс жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық және кіші қажылық саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу үшін, сондай-ақ  қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатымен «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлудің ережесі» негізінде 2026 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік операторлар арасында конкурс жариялайды», - деп хабарланған мүфтияттың ресми сайтында.

Мүфтият қазақстандықтарды 2026 жылы қажылыққа апаратын туристік операторларға мынандай талап қойып отыр:

  • саны мен мүмкіндігі туралы ҚМДБ-ға өтініш хат жіберу;
  • Туроператорлық қызметті жүзеге асыру бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасының талаптарына сай берілген тиісті мемлекеттік лицензиясының және ҚР туристік қызметі туралы заңының 27-3-бабының 1-тармағына сәйкес қосымшасының болуы;
  • Салық комитетінде тіркелгені туралы куәлігінің және салықтары төленгенін айғақтайтын құжаттардың болуы;
  • Қажылық пен ұмраны ұйымдастыруда тұрақты оң 5 жылдық тәжірибесінің бар екендігін айғақтайтын құжаттардың болуы;
  • ҚР заңдарын және САК тарапынан қажылыққа қатысты қойылған талаптарды бұзбауы;
  • ҚР аумағында халыққа сапалы қызмет көрсете алатын кеңсесінің болуы (кеңсенің мекен-жай анықтамалығы, кеңсе немесе ғимаратты жалға алған келісім-шарты). 

«Аталған құжаттар 2025 жылғы 18 тамыздан бастап hajj@muftyat.kz поштасы арқылы 2025 жылғы 31 тамызға дейін қабылданады. Осы мерзім аралығында құжаттарын тапсырмаған туроператордың ұсыныстары қаралмайды», - деп ескертеді мүфтият.