Кейбір автокөліктер кіре алмайды: әкімдік Алматы кімдер үшін ақылы болатынын түсіндірді

Автор: Нұргүл Абай

Жергілікті тұрғындарға жеңілдік қарастырылған

Фото: istockphoto.com

Алматы әкімдігі Атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа ережелері жобасын әзірлеген. Оған сәйкес, ескі, яғни экологиялық санаты төмен автокөліктер үшін қала орталығына кіру ақылы болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жобаны қоғамдық ұйымдар, ғалымдар, сарапшылар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар бірігіп әзірлеген. Жаңа ережелердің басты мақсаты – қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту, ауаның ластануын азайту және тұрғындардың денсаулығын қорғау. Себебі, экобақылау деректері бойынша, Алматы – әлемдегі ең ластанған қалалардың қатарында.

Жоба аясында қалада ауаға зиянды заттар аз таралатын арнайы LEZ (Low Emission Zones) аймақтарын құру көзделіп отыр. Бұл аймақтарға экологиялық санаты төмен автокөліктерге кіруге шектеу қойылады және ақылы болады.

«LEZ аймақтары алдымен сынақ ретінде қала ортасындағы кейбір көшелерге енгізіледі. Болжам бойынша 2025 жылдың қазан айынан бастап сынақ кезеңінде көлік жүргізушілерінен ақша алынбайды, бастапқыда көлік ағымын бақылаймыз. Ал келешекте Евро-0–4 стандартындағы көліктер үшін кіру ақылы болады, ал электромобильдер, сутекті көліктер мен Евро-5–6 санатындағы автокөліктер төлемнен босатылады», - деп түсіндірді қала әкімдігі.

Осы аймақта тұратын жергілікті тұрғындарға жеңілдік қарастырылған: «Таза қала» ақпарат жүйесіне тіркеліп, техникалық тексерістен өткен жағдайда төмен бағамен ай сайынғы абонемент беріледі.

Әкімдік ақылы жүйеден түскен қаражатты экологиялық жобаларға, қоғамдық көлікті дамытуға және халықты қолдауға жұмсауды жоспарлап отыр. Солардың бірі – қала тұрғындарынан экологиялық санаты төмен ескі машиналарды біртіндеп сатып алу бағдарламасы. Бұл адамдарға да жеңіл болады әрі автопаркті тез жаңартуға мүмкіндік береді деп санайды қала басшылығы.

Қазір ережелер жобасы қоғам талқысына шығарылған.

Әкімдіктің ақпаратынша, 2024 жылы алғаш рет Алматы агломерациясының барлық аумағы бойынша ластау көздері толық есептелген, бұрын есепке кірмеген жеке сектор, монша, қалаға кіретін көліктер де ескерілген. Жалпы Алматы агломерациясында жылына 225 мың тоннадан астам зиянды заттар ауаға таралатыны анықталды. Оның ішінде Алматы қаласында жылына 189 мың тонна, соның 60%-ы немесе 112 мың тоннасы көліктерден шығады. Әсіресе, ең көп ластайтыны – экологиялық стандарты төмен (Евро-0) автокөліктері, жылына 94,6 мың тонна.