Биыл 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері ұстаз мамандығын таңдаған
Жаңа оқу жылынан бастап педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер 84 мың теңге шәкіртақы алады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді», - деді президент Республикалық тамыз конференциясында.
Сондай-ақ, Тоқаев былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскенін еске салды. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдаған. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы.
«Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес», - деп санайды мемлекет басшысы.