Қазір 500 мыңнан астам ұстазға үстемеақы төленеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында мұғалімдерге мемлекет тарапынан қандай жағдай жасалып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», - деді Тоқаев.
Президент соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе арткен. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылған. Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланып, қазір 128 мектеп салынған.
Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды, тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.
Сонымен қатар Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданғанын еске салды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленіп, бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болған. Ал былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды.
«Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясына қатысып жатыр. Биылғы жиын «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналған.