Коронавирус тесті болмаса жұмысқа кіргізбейді - Алматы

Шаһарда тәулігіне 100-ге жуық адамнан індет анықталады

Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Бүгін шаһарда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 3182 адамға жетті. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, тәулігіне 100-ге жуық пациент қауіпті дертпен ауруханаға жатқызылады.

Azattyq Rýhy тілшісінің хабарлауынша, шаһардағы коронавирусқа сынама алатын 7 зертхана жеткіліксіз. Қосымша екі жылжымалы зертхананы қосқанда, тәулігіне 4 мың адамнан сынама алынады. Кәсіпорындардың іске қосылуына байланысты ПТР-тест тапсыруға келетіндар саны бірнеше есеге ұлғайған. Бұл деректі  «MPK clinic» орталығының дәрігері Әлмира Сәрсенбаева да растады. Қазақ-корей медициналық орталығының қатысуымен ашылған ашық аспан астындағы мобильдік орталықтың маманы скринингтен өтуге орта жастағы азаматтардың көптеп келіп жатқанын айтады. 

«Блок-бекеттер ашылған соң, жағдай күрт өзгерді. Адам саны да артты. Біз күндізгі сағат 16-00-ге дейін жұмыс істейміз. Одан кейін жиналған сынамаларды зертханалық тексеруге жіберуге кірісеміз. Бірақ келушілер толастамайды. Онлайн тіркеліп, алдын ала кезекке жазылғандарды қабылдауға тырысамыз. Науқасқа күдігі барлар ғана емес, жұмысқа кіру үшін немесе басқа да мекемелердің талабы бойынша келетіндер көп.  Алдағы күндері қаланың сыртқы аудандарынан тағы да бір зертхана ашу жоспарланып отыр», - дейді дәрігер.

Қазір  «Нұрлы тау» кешенінің алдынан ашылған мобильдік орталыққа келіп, кезекке тұратындар азаймай отыр. Мұндағы артықшылық – азаматтарға тексерілу үшін көлікпен кезекке тұруға және алдын ала төлемді сайт арқылы жасауға мүмкіндік берілген. Алайда, осы себептен де әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдарының қиылысында күндізгі уақытта көлік қатынасы қиындаған. Жүргізушілер қауымы бірнеше күннен бері жағдайдың осындай екенін айтып, әлеуметтік желілерге фотосуреттер жүктеп жатыр. Ол жерден әл-Фараби даңғылындағы кептеліс мобильдік орталыққа ПТР-тест тапсыруға келгендердің көптігінен туындағанын көруге болады. Бүгін де  сынама тапсыруға келгендер бірнеше сағаттан бері  кезекте тұрғанын айтады. 

«Қалада «Горный гигант» деген жерге жеке клиникаға емделуге әйелімді апарған едім. Сөйтсек, коронавирусқа тест тапсырып келіңдер деп осында жіберді. Оның құны 15 мың теңге екен. Содан осында кезекте тұрмыз. Ең қиыны  көшедегі кептеліс. Назарбаев даңғылы жағынан келіп тұрғанымызға бір жарым сағат болды. Қашан жетеміз, белгісіз. Енді терезелердің санын көбейтіп, мәселені шешсе болмай ма?!»,- дейді Болат Қабылғани есімді қала тұрғыны.

Мобильдік орталық мамандарының айтуынша, сынама өткізушілер арасында дүрбелең жоқ. Ұйымдастырушылардың нұсқауын тыңдап, кезекпен келіп жатыр. Мамыр айының басында ашылған бұл зертхана маусым айынан бастап жаяу келетіндерді де қабылдап жатыр. Оларға даладан қосымша шатырлар тігілген.  

«Алынған сынамалар зертханға жіберіледі. Кешіктірмеуге тырысамыз. Нәтижесі 6-7 сағатта қолға тиеді. Тест нәтижесі бойынша симптомсыз келіп, тексерілетіндер арасынан науқастар көптеп табылып жатыр. Мамыр айының басында әр тапсырған 60-70 адамның ары кетсе 1-2-нен вирус шығатын. Қазір бұл көрсеткіш 20 пайызға өсті. Яғни, тест тапсырғандардың арасынан ауырғаны білінбей келетіндерден де COVID-19 инфекциясы анықталуда. Олар сенбей, қайтадан келіп тапсырады. Содан соң 14 күн қаралып, емделіп келгендердің де өз денсаулығын тексеру үшін скрининг жасайтын жағдайлары баршылық», - дейді MPK clinic» орталығының дәрігері Әлмира Сәрсенбаева.

Алматыда өткен жұмада жаңа зертхана ашылды. «Атакент» ҚІҚО аумағында коронавирусты жедел әрі нақтылы анықтайтын зертхана кешенін Б. Өтемұратовтың қоры қаржыландырады. Бүгінге дейін қалада алты зертхана жұмыс істеді. Олар ҰСО, ОРЗ, НПЦСЭЭиМ, MPKQ, қалалық СПИД орталығы, «Олимп» КДЛ базасында ашылған.  

 Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.