Еліміздегі мұғалімдердің 7%-ы еңбек демалысының ақысын әлі алмаған

Автор: Azattyq Rýhy

Білім министрі бұған кінәлі директорлардың жазаланатынын айтты

Республика аумағындағы мектеп мұғалімдерінің 93 пайызы еңбек демалысына шығып, ақысын уақытылы алған. Ал қалған 7 пайызына тиісті ақы уақытында төленбеген. Бұл туралы бүгін Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Белгілі болғандай, 1-16 маусым аралығында білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері тиісті мониторинг жүргізген. Оның нәтижесінде кей мұғалімдердің әлі күнге дейін еңбек демалысының ақысын ала алмай жүргені анықталыпты. Білім министрі педагогтар ақысын кешіктірген немесе төлемеген директорлар заңға сәйкес жазаланатынын айтты.

«Министрлік мұғалімдердің шағымын қарастырып, демалыс ақысын төлеу бойынша жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бюджетте жалақыға да, еңбек демалысы ақысына да қаражат қарастырылған. Яғни ақша бар, бірақ кейбір аймақтарда төлемнің уақтылы жасалмағаны анықталды», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне еңбекақыны уақытылы төлемеу, оның ішінде мұғалімдерге төленетін демалыс ақысы туралы фактілерді тиісті шара қолдану үшін облыстық мемлекеттік еңбек инспекцияларына жіберуді тапсырды.

Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында айқындалған әлеуметтік кепілдіктерге педагогке 56 күнтізбелік күнге төленетін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы, сондай-ақ, күнтізбелік жылда еңбек демалысы кезінде кемінде бір лауазымдық жалақы мөлшерінде денсаулығын жақсартуға берілетін жәрдемақы кіреді.