СҚО-дағы сорақылық: білім бөлімдері 360 млн теңгеге интернет сатып алғанмен, роутерді ұстаздар толтырып келген

Автор: Бақыт Шынар

Заң бұзу фактісін прокуратура анықтаған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның шалғайдағы мектептерінде интернет әлі нашар, тіпті кейбірінде мүлде жоқ десек болады. Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Горкий орта мектебінде де интернет жылдамдығы өте нашар болған соң, ұстаздар роутерге өз қалталарынан ақша төлеп келген. Ал, ең сорақысы осы Ақжар ауданын қосқанда облыстағы сегіз ауданның білім бөлімі интернет тарту үшін 360 млн теңгенің тендерін ойнатқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Іске Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары араласып, тендердің құнын 75,8 млн теңгеге арзандатқан. Яғни, білім бөлімдері қызметті нарықтағы бағадан әлдеқайда қымбатқа сатып алған. Бұл - бюджет кодексінің талаптарын және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзу болып саналады.

«Қадағалау органы тексере келе цифрландыруға бөлінген бюджет қаражаты өрескел түрде негізсіз жұмсалғанын анықтады. Атап айтқанда, Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов аудандарының және Ғ.Мүсірепов атындағы, Шал ақын аудандарының білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары мектептерді интернет желісіне қосу үшін  360 млн теңгеден астам сомаға шарттар жасасты. Солай бола тұра, Ақжар ауданында Горький орта мектебінің мұғалімдері роутерді өз қалтасынан төлеп отырған», - деп хабарлайды СҚО-ның прокуратурасы.

Ақыр соңында заң бұзған лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Тендер бойынша қайта шарт жасалып, 75,8 млн теңге үнемделген.