Орталықта 13 түрлі қызмет көрсетіледі
Елордада «Бақытты шаңырақ» атты көпсалалы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Бақытты шаңырақ» қорының негізін қалаушылар әрі құрылтайшылары Ботагөз Сұлтанова мен Пернеш Әбдікәрімова ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан әйелдер өздерінің кәсіби біліктілігі мен дағдыларын жоғалтатынына бір емес, бірнеше мәрте көз жеткізді. Бұл жағдайға оң әсерін тигізу мақсатында «Бақытты шаңырақ» ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан отбасыларды қолдау және көмек беру бойынша тұрақты дамудың қайырымдылық қоры» ҚҚ құрды.
«Өткен жылдан бастап бала тәрбиелеп отырған аналардың идеясын жүзеге асыру туралы ойландық. Қуанарлығы, бұл ойымыз меценаттар тарапынан қолдау тапты. Орталықта 13 түрлі қызмет көрсетіледі. Ал қаламызда бала тәрбиелеп отырған жалпы саны 5 000 ана бар. Олардың әрқайсысының өз таланты бар. Алдағы уақытта мұндай орталықтар елордамызда көбейе береді. Тиісінше жоспарымыз да көп. Әрине идеялар мен ұсыныстар ата-аналардан шығуы тиіс. Ал оның іске асуы қала басшылығы мен меценаттардың мойнында», – дейді Бақтияр Мәкен.
«Бақытты шаңырақ» атты қорымыз ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасыларға көмек көрсетеді.
«Біз әкімдікке, соның ішінде қала әкімі Алтай Сейдірұлына ғимарат пен керек қондырғыларды алу үшін өтінішпен шықтық. Ол өтінішімізді қызу қолдап, бізге әкімдіктің 70 шаршы метрлік тұрғын жайы беріліп, онда жөндеу жасалды, қондырғылар сатып алынды» дейді қор құрылтайшысы.
«Бақытты шаңырақ» орталығы әртүрлі сала бойынша кең көлемде қызмет көрсетеді. Орталық А. Иманов, 44 мекенжайында орналасқан.
«Орталығымызда 13 әйел жұмыспен қамтылады. Бұл – 4 тігінші, 4 массажист, шугаринг, педикюр, маникюр шеберлері. Сондай-ақ, полиграфия, шаштараз ашамыз. Онда ерекше қажеттілігі бар бала туғанға дейін жұмыс істеген әйелдер еңбектенеді. Әрине, олар бала қараймын деп кәсіби тұрғыдан өздеріне сенімді шамалы жоғалтатты. Сондықтан оларға жеке бизнеспен айналысуға мүмкіндік тудыру үшін осындай орталықты аштық. Командамыз ауызбіршілікте жұмыс істейді» деп түйіндеді Ботагөз Сұлтанова.