Республикалық автожолдардың бойынан бір тәулікте 500 тоннадан астам қоқыс шығарылады
"ҚазАвтоЖол" мамандары күн сайын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойынан 500 тоннадан астам қоқысты жинап, шығарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол бойына азаматтар темекі тұқылын, пластикалық пакеттер мен бөтелкелерді, үй жануарларының өлекселерін және басқа да қоқыстарды тастап жатады.
«Жолшы мамандар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдың бойын барынша таза ұстайды. Өкінішке қарай, азаматтардың мұндай жауапсыз әрекеттерінен қоршаған ортаға зиян келіп жатыр», - деп жазылған хабарламада.
"ҚазАвтоЖол" компаниясы жолаушыларды табиғатты қорғауға және сақтауға шақырды.
«Аулаңызды қалай таза ұстасаңыз, жолға да солай қараңыздар!», - деп үндеу жасады мамандар.
Еске сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұған дейін де жолаушыларды мәдениетті болуға шақырған еді. Ол кезде жүргізушілердің жабдықталған дәретханаларды пайдаланбай, ашық аспан астында қажеттіліктерін өтейтінін айтқан болатын.
«Кейбір адамдар санитарлық тораптардың жанында дәрет сындыруға дейін барады. Мұндай әрекеттер санитарлық нормаларды ғана емес, сонымен қатар жолдардың эстетикалық көрінісін бұзады. Бұл басқа жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайсыздық тудырып, жол инфрақұрылымы қызметкерлерінің жұмысын қиындатады. Сонымен қатар мұндай әрекеттер табиғатты ластап, экологияға зиян келтіреді», – деп мәлімдеді компания.