Содан кейін ауылдағы құқық бұзушылық мүлдем тыйылған
Шығыс Қазақстан облысында бір ауылдың тұрғындары ішімдіктен ұжымдық түрде бас тартып, құқық бұзушылықты нөлдік деңгейге дейін түсірді. Бұл бастаманың авторы – қарапайым ауыл тұрғыны Марат Мағауиянов, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлан ауданына қарасты Жанұзақ ауылы Шығыс Қазақстанда алкогольден ұжымдық түрде бас тартқан алғашқы елдімекен атанды. Ауылда қылмыс деңгейі нөлге жетіп, қоғамдық тәртіп жақсарған.
«Қауіпсіздік – ауыл тұрғындары мен полицияның ортақ жауапкершілігінің нәтижесі», – деп атап өтті ШҚО Полиция департаменті.
Қазір өңірде осындай 11 ауыл бар, алайда алғашқы қадам дәл осы Жанұзақтан басталған.
Қазақстан полициясы күніне арналған концертте ШҚО Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Жанұзақ тұрғыны Марат Магауияновқа алғыс хат табыстады.
«Бұл – белсенді азаматтық позицияның, жеке үлгінің және құқықтық-адамгершілік құндылықтарға қосқан үлестің көрінісі», – делінген ресми хабарламада.
Марапатты қабылдаған кезде Марат өз сөзінде бұл шешімнің ортақ еңбек екенін айтты.
«Бұл – тек менің емес, барша ауылдастарымның еңбегі. Біз жанжалсыз, зиянды әдеттерсіз өмір сүргіміз келеді. Балаларымыз үлгі алатын орта қалыптастыру – басты мақсатымыз», – деді ол.
Ішімдікке қарсы бастама қоғамның өз ішінен туып жатқанын дәлелдейтін бұл мысал еліміздің басқа да өңірлеріне үлгі бола алады.