Қазақстандықтар қаңтар мен мамырда неке қидырмауға тырысатыны анықталды

Автор: Бақыт Шынар

Ал соңғы тоғыз жыл бойы тамыз айы неке саны бойынша рекорд орнатып келеді

Фото: energyprom.kz

2015-2024 жылдар аралығындағы деректерге сәйкес, Қазақстандағы некелердің көбі тамыз айында тіркелетіні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі хабарлаған.

2015-2024 жылдардың тамыз айында орта есеппен жыл сайын 14,9 мың неке қиылады екен. Соның ішіндегі рекорд 2016 жылы болған, сол жылы тамыз айында 16,9 мың неке тіркеліпті.

«2015 пен 2022 жылдар аралығында шілде мен қыркүйек те неке қию үшін жиі таңдалатын айлардың қатарында болды. Алайда соңғы екі жылда қыркүйекке қарағанда маусым айы басым түскен. Мәселен, 2024 жылы маусымда 11,6 мың, ал қыркүйекте 10,8 мың неке тіркелген», - деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Дереккөзге сүйенсек, қазақстандықтар қаңтар мен мамырда неке қидырмауға тырысады екен. Соңғы он жылдың ішінде қаңтар мен мамыр айлары бес рет неке ең аз қиылатын айлар болған.