Кейбір органдарда «Құрметті қызметкер» атағы басшыларға ғана бұйырады – Тоқаев

Автор: Нұргүл Абай

Қарапайым қызметкерлер арасында осы атаққа лайықты кандидаттар жеткілікті дейді президент

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкерді көтермелегенде цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құқық қорғау органдарында үздіксіз әрі мінсіз қызмет атқарғандарға «құрметті қызметкер» атағы беріледі. Алайда кейбір құрылымдарда бұл жоғары атақ басшыларға ғана бұйырады. Қатардағы қарапайым қызметкерлер арасында ұзақ жылдар бойы кәсіби борышын адал атқарып жүрген лайықты кандидаттар жеткілікті. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, моральдық рухын күшейту маңызды», - деді президент құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Тоқаев былтыр Президент әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын цифрлық бағалау жүйесі енгізілгенін еске салды. Оның айтуынша, бұл объективті дербес рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік берді.

«Құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкердің лауазымын жоғарылатқанда және көтермелегенде негізінен цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырамын. Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай, ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек», - деді мемлекет басшысы.