Мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр
Қазақстандағы ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылғаннан кейін, ауыл тұрғындары үшін интернет арзандайды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Келісім аясында Қазақстан ауылдарға сапасы жоғары және тұрақты кеңжолақты интернет тарту үшін осы халықаралық банктен қарыз алады.
Депутаттар министрден ауылдарға талшықты-оптикалық желі жүргізілгеннен кейін қарапайым тұрғындар интернет үшін қанша төлейтінін сұрады.
Жаслан Мәдиев талшықты-оптикалық желі тарту жұмысы арзан емес екенін атап өтті. Сол себепті мемлекет операторлардың жұмсаған шығынын 50 пайызға дейін субсидиялайды.
«Осы механизмге сәйкес интернет ауыл тұрғындарына қолжетімді болады. Ауылда тұратын халық үшін бұл өте маңызды. Қазір үйде Wi-Fi болса, әр адам бөлек интернет сатып алмайды. Қазіргі таңда мобильді интернетті қолданады, әркім өзінің трафик пакетіне төлейді. Сондықтан талшықты-оптика жеткізілгеннен кейін интернет бағасы төмендейді. Қазір басқа ауылдармен салыстырғанда бір айдың ішінде 5 мыңнан 7 мыңға дейін төлейді», - дейді Мәдиев.