Жеке басы анықталмаған адамдарға қатысты іс қозғалған
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі EXPO кешенінің құрылысы кезінде офшорлық компанияларға ақша шығару фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы бас прокурор Берік Асыловтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің іс жүргізуінде «ЭКСПО» қаражатын жымқыру фактісі бойынша жеке басы анықталмаған адамдарға қатысты қылмыстық іс бар. Осы тергеп-тексеру аясында іске қатысы бар барлық адамды, оның ішінде шет елдегі офшорлық компанияларға ақшаны шығару фактісін анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу əрекеттері жүргізіліп жатыр»,- делінген бас прокурордың жауабында.
Естеріңізге салайық, 2016 жылы ЭКСПО ісі бойынша 23 адам əртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 14 жылға сотталған еді.