Жыл басынан бері Петропавлда 4623 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Солтүстік Қазақстан полицейлері өңір аумағында абаттандыру ережелерінің сақталуы мен тазалықты тексерді. Нәтижесінде ,71 заң бұзушыға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, ең көп заңбұзушылық тұрғындардың өз аумақтарын уақытылы тазаламауға қатысты болды. Абаттандыру ережелерін бұзуға көшелерді, алаңдарды, жолдарды және қоғамдық демалыс аймақтарын ластау, қар тазарту бойынша ұйғарымдарды орындамау жатады.
Полицейлер абаттандыру ережелері бұзылғаны үшін 4 мыңнан астам ескерту жасаған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2 миллион теңгеден асады.
Соңғы кездері Петропавлдағы абаттандыру тәртібін тек учаскелік полицейлер емес, тұрғындар да қадағалайтын болған. Соңғы аптада бірнеше қоқыс үйінділерін анықтаған қырағы қызылжарлықтар әлеуметтік желілердегі парақшаларында бірнеше пост жариялаған. Желі қолданушыларының бірі Инстаграмдағы «Дружный Петропавловск» тобында Новопавловка ауданындағы мола маңында шашылып жатқан қоқысты суретке түсіріп, бөліскен. Аталған факт бойынша полицейлер шұғыл шаралар қабылдады.
«Мән-жайды анықтағанда, қоқысты шашатын саяжайшылардың өздері болып шықты, оларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды. Саяжай қауымдастығының төрағасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы анықталған басқа да тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жұмысшы кентіндегі қоқыс үйіндісі үшін, аталған учаскедегі қоқысты шығаруға жауапты ұйымның басшысы жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы 40 мың теңгеден асады», - деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Александр Розбах.
Қоқыс тасымалдайтын кәсіпорындардың басшылары да жазаланбақ. Жыл басынан бері 4623 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 71 құқық бұзушыға айыппұл салынған.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО