$ 519.55  596.03  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.05.2025, 14:39
Қоғам

Биыл бала құқығы бұзылған 171 дерек анықталды – Тоқаев Зәкиеваны қабылдады

Жалпы 13 өңір мен 73 елді мекенге мониторинг жүргізілген

Биыл бала құқығы бұзылған 171 дерек анықталды – Тоқаев Зәкиеваны қабылдады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда хабарлағандай, Зәкиева президентке бала құқықтарын қорғау және жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берген.

«Соңғы екі жылда балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың, суицидтің және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар шара қабылданып, бағдарламалар мен заңдар әзірленді. Аталған жұмыс аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен заңнамаға 120 түзету енген», - деп хабарлайды Ақорда.

272 мекемедегі балалар арасында жасырын сауалнама жасалған

Дереккөзге сүйенсек, биыл 13 өңірдегі және 73 елді мекендегі ахуалға мониторинг жүргізілген.

«Соның ішінде 272 мекемедегі балаларға жасырын сауалнама жасалған, 173 отбасыда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің жағдайымен танысқан. Тексеріс қорытындысы бойынша бала құқықтарын қорғауға қатысты қабылданған заң нормаларын бұзған 171 дерек анықталған», - деп хабарлайды Ақорда.

Аймақтардағы 112 отбасылық қолдау орталығының тиімді жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен балалар құқығын қорғау мақсатында ашылған болатын.

Облыс әкімдіктері жанынан бала құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма құру жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ олардың қызметін айқындайтын заң жобасы әзірленіп жатыр. Қазір «Қазақстан халқына» қоры серіктестерімен бірге 49 оңалту орталығын ашты. Кездесуде «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету және кәмелетке толмаған азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселелері талқыланды.

«Президент бала құқықтарын қорғауға кепілдік беру жүйесін нығайтып, жеткіншектерді жан-жақты қолдау тетігін қалыптастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік уәкілдердің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды. Мектептердегі инклюзивті білім беру ісін дамытуды көздейтін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды», - деп хабарлайды Ақорда.

Серіктес жаңалықтары