Тұрғын үйге кезекке тұрудың жаңартылған шарттары мен тетіктерін кеңінен түсіндіруді мақсат еткен семинарда көпшілік өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында «Қазақстандықтарға тұрғын үйге кезекке тұру және бөлу – жаңа нормалар, ережелер» атты семинар өтті. Жиынға азаматтық сектор өкілдері, бастамашыл топтар мен ата-аналар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара барысында тұрғын үйге қол жеткізу саласындағы өзгерістер, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін берілетін жеңілдіктер туралы нақты ақпарат берілді.
«Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қорының өкілі Толқынай Жаримбетова тұрғын үй тақырыбына байланысты ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар түсетінін қозғап өтті. Оның айтуынша, тұрғындар арасында ақпараттың жетіспеушілігі – басты мәселенің бірі.
«Біздің қор – Астана қаласы әкімдігінің әлеуметтік жобалар байқауы аясында қолдау тапқан ұйым. Қордың басты мақсаты – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмектесу. Біз аптасына бірнеше семинар өткізіп, азаматтарға құқықтары мен мүмкіндіктері жайлы түсіндіреміз. Ата-аналар сұрақ қойып, кеңес алады. Осы қордың көмегімен өзім де, мүмкіндігі шектеулі баланың анасы ретінде, Отбасы банкінен екі пайыздық жеңілдетілген несиемен баспана алдым», – деді Толқынай Жаримбетова.
Семинар аясында Отбасы банкінің орталық филиалының бизнес дамыту басқармасының басшысы Меруерт Әділбаева тұрғын үй саласындағы ең өзекті жаңалықтарды бөлісіп, баспаналы болу жолдарын түсіндіріп өтті.
«2024 жылдың 24 мамырынан бастап Отбасы банкіне Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі. Бұл дегеніміз – Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй алу мүмкіндіктері кеңейеді дегенді білдіреді. Нақтырақ атап айтар болсақ:
- Соңғы 5 жыл ішінде өзінің немесе отбасы мүшелерінің атына жылжымайтын мүлік тіркелмеген, 18 жасқа толған азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алады;
- Егер азамат апатты үйде тұрып жатса және бұл туралы әкімдік шешімі болса – ол да кезекке тұруға құқылы;
- Барлық өтінім электронды түрде, orken.otbasybank.kz порталы арқылы қабылданады. Құжаттарды банктің бөлімшесіне апарудың қажеті жоқ;
Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы порталға кіріп, өз деректеріңізді енгізсеңіз – жүйе сіздің кезекке қойылған-қойылмағаныңызды тексереді. Шешім бір күн ішінде қабылданады. Қажет болса, қосымша тексеру 5 жұмыс күніне дейін созылады», - деді ол.
Қазір Отбасы банкі 15 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген. Жүйе автоматты түрде азаматтың табысын, жылжымайтын мүлкінің бар-жоғын, категорияға сәйкестігін тексереді. Тек апатты үй жағдайында ғана азамат тиісті құжаттарды порталға жүктеуі керек.
«Қазіргі таңда кезекте тұрған 650 мыңнан астам азамат бар. Олардың деректері 17 маусымға дейін Отбасы банкінің жаңа бірыңғай базасына көшіріледі. Бұл база бойынша азаматтардың кезекке тұрған күні мен табысы ескеріледі. Табыс деңгейіне қарай азаматтарға 2%, 5%, 7%, 9% немесе 12% мөлшерлемемен баспана ұсынылады. Ұсыныстар азаматтарға SMS арқылы жіберіледі», - деді Меруерт Әділбаева.
Ол әлеуметтік санаттар үшін қандай ерекшеліктер барын атап өтті.
«Үй салу жұмысы әкімдікке тиесілі. Әкімдік салған үйлер Отбасы банкіне беріледі. Бұл үйлердің 70%-ы 8 әлеуметтік санаттағы азаматтарға беріледі. Қалған 30%-ы – жаңадан кезекке тұрған, бірақ жоғарыдағы санаттарға кірмейтін азаматтарға ұсынылады. Әлеуметтік тұрғын үйлер мемлекет тарапынан салынатын және субсидияланады. Құрылыс компаниялары бизнес-класс немесе комфорт-класс үйлерін салса, әлеуметтік үйлердің шаршы метрі арзанырақ болады. Мәселен, нарықтағы баға 450 000 тг/м² болса, әлеуметтік үйдің шаршы метрі одан әлдеқайда арзанға түседі. Алғашқы жарна міндетті түрде 10% құйылады, бұл талап – барлық азаматқа, оның ішінде мүгедектігі бар, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға да ортақ», - деді ол.
Меруерт Әділбаева Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары 3 жыл бойы тұрақты тіркеуде болу міндетті екенін атап өтті. Ал басқа өңірлерде – мұндай талап жоқ, тек портал арқылы өтінім беру жеткілікті. Банк бөлімшелеріне келудің де қажеті жоқ.
Бұл бастама – тұрғын үй саясатын ашық, әділ, және қолжетімді ету мақсатында қабылданған. Президенттің тапсырмасына сай, Отбасы банкі Ұлттық даму институтына айналып отыр. Енді тұрғын үй кезегі орталықтандырылған, біртұтас және баршаға бірдей қолжетімді жүйе бойынша жүргізіледі.