Алматыдағы мектепте оқушыларға тамақ қалдығын берген: министр не дейді

Автор: Нұргүл Абай

Асханадағы видеоны желіге сол мектептің мұғалімі жариялаған

Фото: istockphoto.com

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматыдағы мектептің асханасынан шыққан шуға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыдағы мектептердің бірінде асхана қызметкерлері оқушыларға тамақ қалдығын беріп келген. Жаға ұстатарлық видеоны әлеуметтік желіге сол мектептің мұғалімі жариялаған.

«Балалардың тамағына, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар мен жеткізуші компания жауапты. Егер бұрын комиссия тамақтың сапасын айына бір-ақ рет тексере алатын болса, қазір күн сайын тексере алады. Бұған дейін өңірлік мониторинг топтары болмаған, ал қазір біз бұл құқықты заңнамалық түрде жергілікті атқарушы органдарға, дәлірек айтқанда білім басқармасына мекатептердегі тамақ сапасын тексеруге мүмкіндік бердік», - деді Бейсембаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрге сұрақ қойған журналистің айтуынша, асханадан видео таратқан мұғалімге мектеп әкімшілігі мен жеткізуші компания тарапынан қысым жасалған.

«Мұғалімге қатысты жағдайға келсек, бұл дұрыс емес деп есептеймін. Егер қандай да бір заңбұзушылық анықталса, мұғаліммен емес, жергілікті атқарушы органдар жіберген қателікті түзетумен айналысу керек. Мен білім басқармасы мен әкімдікке өз пікірімді білдірдім. Олар дұрыс әрі сауатты шешім қабылдайды деп ойлаймын», - деді ведомство басшысы.