Олжас Бектенов спортшы балаларды жарысқа патрульдік полициямен ғана апаруды тапсырды

Автор: Нұргүл Абай

Бұл оқушылардың қауіпсіздігі үшін қажет дейді премьер

Фото: zhaikpress.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов спортшы оқушыларды басқа елді мекендегі жарысқа апарғанда міндетті түрде патрульдік полиция бастап жүруі керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Спортшы оқушылар мінген көліктердің жол апатына түсіп, қайғылы жағдайларға алып келгені  баршаға аян. Сондықтан тиісті келісулер, рұқсаттар болмаса және патрульдік полиция бастап жүрмесе, спортшы балалардың өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеуді тапсырамын», - деді ол Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Бектенов балалар жазғы каникул кезінде еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуге тиіс екенін айтты.

«Туризм министрлігі балалардың тарихи-мәдени мұра объектілеріне, танымал туристік аймақтарға баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестірсін. Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет. Мәдениет министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге тегін баруын қамтамасыз етсін», - деп тапсырды премьер-министр.