Әкесі – мүгедек, әйелі – декретте: сот бес банкке 12,5 млн теңге қарыз болып қалған ер адамға көмектесті

Автор: Нұргүл Абай

Ер адам ай сайынғы несиелерін төлей алмай қиналған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысында жергілікті тұрғын бес банктен алған кредиттерін төлей алмай, соттан көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ер адам Тұрар Рысқұлов аудандық сотына төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген.

Анықталғандай, ол бес банкке 12,5 млн теңге қарыз. Арызданушының тұрақты табысы болса да, ай сайынғы несие төлемдерін өтеуге мүмкіндігі жоқ. Себебі кәмелетке толмаған екі баласын, III топтағы мүгедек әкесі мен декретке шыққан жүкті әйелін жалғыз өзі асырап отыр екен. Айтуынша, әкесінің емделуіне ай сайын көп ақша жұмсайды. Ер адам несиелерінің көбейіп кетуіне байланысты соттан ай сайынғы төлем сомасын азайтып, банктер алдындағы берешегін 60 ай ішінде төлеп бітіруге мүмкіндік беруді өтінген.

Сот ер адамның бес банкке ай сайынғы 393 мың теңге мөлшеріндегі төлемі оның бір айлық табысынан асып түсетінін анықтады. Бес банктің төртеуі соттан борышкердің арызын қанағаттандырудан бас тартуды сұраған. Ал салық органының өкілі шешімді соттың қарауына қалдырды.

Сот ер адамның өтінішін қанағаттандырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасын қолданды. Енді ол кредиторлар алдындағы 12,5 млн теңге берешегін бес жыл ішінде ай сайын 204 мың теңге төлей отырып өтейді.

Сондай-ақ, сот шешім заңды күшіне енген күннен бастап 2 айдан кешіктірмей төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын ұсынуды міндеттеді. Шешім заңды күшіне енген.