Балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке не кіреді?

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл – Үкіметтің 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасының әр баласына белгілеген көмегі

Көрнекі фото

Мемлекет тұрмысы төмен отбасы балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке кіретін заттардың тізімін анықтады, деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ.

Көмек пакеті шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатын тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тиісті оқу жылы алдында беріледі. Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ай сайын азық-түлік жиынтығы және тоқсан сайын тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы түрінде ұсынылады.

Азық-түлік тізімі Үкіметтің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1032 қаулысымен бекітілген және осы жастағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін, тағамдық және энергетикалық құндылығы ескеріле отырып құрылған.

Әлеуметтік пакетіне құрамында анемия, рахит, дисбактериоздың алдын алу үшін кальций және басқа микроэлементтермен байытылған дәуірмендері, пробиотиктері бар әртүрлі (сүт, көкөніс, жеміс) өнімдер енген.

Орта білім беру ұйымдарында оқитын 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетке:

  1. мектеп формасы немесе спорттық киім, мектеп құралдары жиынтығы;
  2. денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес оқу жылы кезеңінде оқу орнында (оқу күндері) күнделікті бір рет ыстық тамақ;
  3. қоғамдық көлікте (таксиден басқа) билеттің толық құнының 50 пайызынан кем емес мөлшерде жеңілдікпен жол жүруі кірген.