Ол заңдағы өзгерістер жайлы айтты
Қазақстанда кәмелетке толмаған қыздарды неке мақсатында алып қашқандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың сөзінше, заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, қазіргі қолданыстағы «Қалыңдық ұрлау» деп аталатын бап «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп өзгертіледі.
«Бұл бапта үш түрлі жауапкершілік қарастырылады. Бірінші жағдайда – айыппұл, ал егер қыз кәмелетке толмаған болса немесе күш қолдану, не бірнеше адам қатысқан болса, онда 5 жылдан 7 жылға дейінгі қылмыстық жаза қарастырылады», – деді Мұрат Әбенов.
Депутат соңғы үш жылдағы статистиканы да келтірді. Оның айтуынша, 214 шағым полицияға тіркелгенімен, тек 10 іс сотқа жеткен.
«Қалған істердің жартысында ешқандай шара қолданылмаған. Қыздар өздерінің көліктен секіріп қашқанын, күш қолданылғанын дәлелдесе де, істер жабылып қалған», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазіргі заңда нақты құқықтық тетік болмағандықтан, зардап шеккен тараптар әділдікке қол жеткізе алмай келеді. Бұл өзгерістер қыздарды еріксіз некеге мәжбүрлеу, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.