Қазақстанда автогаз экспортына салынған тыйым тағы ұзарды

Автор: Нұргүл Абай

Тыйым бір жарым жылдан бері күшінде

Фото: freepik.com

Энергетика министрлігі ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым салу мерзімін тағы жарты жылға ұзартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетері, 2023 жылдың қарашасынан бері автогазды Қазақстан аумағынан автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге болмайды. Сұйытылған мұнай газының экспортына тыйым салу туралы бұйрықтың мерзімі 2025 жылғы 14 мамырда аяқталады.

«Осыған байланысты министрлік ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағынан сұйытылған мұнай газын (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 970 0), пропанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 12 940 0) және бутанды (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2711 13 970 0) автомобиль және теміржол көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салады», - делінген хабарламада.

Алайда бұл тыйымның мыналарға қатысы жоқ:

  • өнімді бөлу туралы келісім не Қазақстан президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт аясында өндіруді жүзеге асырған, Салық кодексінің 722-бабы 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуіне;
  • Қазақстанның халықаралық шарттары негізінде Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан жасалған (өңделген) тауарларды әкетуге;
  • Қазақстан шегінен тыс жерде басталатын және аяқталатын транзиттік тасымал.

Энергетика министрі қол қойған бұйрық бүгін, 14 мамырда күшіне енеді.