Облыста қатаң карантин режимі қайта енгізілді
Алматы облысында сауда үйлері жабылып, бұқаралық шаралар өткізуге қатаң тыйым салынды. Ал қоғамдық көлік күніне тек екі рет жүреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Жетісу» телеарнасына сілтеме жасап.
Өңірдің бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, бұл амалсыз қолға алынған шара. Облыста коронавирус жұқтырғандар саны күн санап артып жатыр. Сондықтан тұрғындарға әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс құралдарын қолдану ұсынылды.
«Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 400 адамнан асты. Соңғы аптада өсім 4,5 пайызды құрады. Ал карантин талаптарын жеңілдету үшін бұл көрсеткіш 2,5 пайыз болуы керек. Азаматтар санитарлық нормаларды сақтамағандықтан, эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетті. Мен облыстың бас санитары ретінде карантин режимін күшейтуге мәжбүр боламын», - деді ол брифингте.
Облыста карантин талаптарын бұзғандарға 5-500 АЕК (шамамен 13 мың теңгеден 1,3 млн теңге аралығында - ред.) айыппұл салынады.