Жемқорлардан қайтқан ақшаның арқасында Қосшы халқы биыл түгелдей таза су ішетін болды

Автор: Бақыт Шынар

Үкімет арнаулы қордан Қосшы қаласының су құбырын аяқтау үшін жарты миллиардқа жуық қаражат бөлді

Фото: istockphoto.com

Үкімет жемқорлардан қайтқан ақшаны жинайтын Арнаулы қордан Ақмола облысындағы Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін ақша бөлу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінді. Осының арқасында қала халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтыладлы», - деп хабарлайды үкімет.

Дереккөзге сүйенсек, қазіргі су құбыры шамамен 30 мың тұрғынға жетеді. Бірақ, Қосшы қаласында тек ресми статистика бойынша шамамен 50 мың адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деген болжам бар.

«Ал, Макинск қаласында жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен бүгінде 45 шақырым салынған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 млн теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлайды үкімет.